Ақпан айының ортасында жедел-іздестіру іс-шаралары барысында күртесінің оң жақ сыртқы қалтасында өз атына полиция қызметкерінің құжатын сақтаған тұрғын анықталды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Кейін 21 жастағы жігіттің қалтасынан табылған заттың жалған екендігі белгілі болды. Күдікті құжаттың сыртын сатып алған және полиция қызметкерінің қызметтік куәлігінің үлгісін тауып, өзіне қайта жасатқан. Құжатта учаскелік полиция инспекторы ретінде тіркелген.
– Ол бұл іске келгенде жан-жақты мән беріп, тіпті фотошоптың көмегімен тәртіп сақшысы кейпіндегі сурет жасатты. Осылайша, қитұрқы әрекетімен әп-сәтте учаскелік полиция қызметкеріне айналған, – делінген ШҚО ПД баспасөз қызметі ұсынған мәліметте.
Ұсталған адам бұл қадамға достарына қалжыңдағысы келіп барғанын алға тартып, өз кінәсін мойындаған.
– Әккі тұрғынға қатысты келуге міндеттеу түріндегі процессуалдық мәжбүрлеу шарасы таңдалды. Қазіргі уақытта ҚР ҚК 385 бабы 1 бөлігі санкциясы 2 жылға дейін бас бостандығынан айыру көзделген, – делінген ақпаратта.