Семейде екі ер адам арасында жанжал шығып, олардың бірі пышақ жарақатымен ауруханаға түсті, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Шығыс Қазақстан облыстық Полиция департаментінің мәліметіне сүйенсек, 20 қыркүйек күні таңертең 102 арнасына қоңырау шалған әйел Шәкәрім даңғылындағы үйдің ауласында төбелес болғандығы туралы хабарлаған. Оқиға орнына бірден тәртіп сақшылары аттанды. Полицейлер жараланған 34 жастағы ер адамды Найманбаев көшесіндегі дәмхананың жанынан тапқан.
– Полиция қызметкерлері куәгерлермен сөйлесіп болған соң, дереу қылмыскерді іздеуге кірісті. Сол күні күдікті ретінде еш жерде жұмыс істемейтін, бұрын сотталған Нұр-Сұлтан қаласының 24 жастағы тұрғыны ұсталып, полиция бөлімшесіне жеткізілді. Ол өз кінәсін мойындап отыр, - деп хабарлады ведомство өкілдері.
Белгілі болғандай, ерегес сөзге келіспеушілікпен туындаған. Ашуға булыққан күдікті жәбірленушінің іш тұсына пышақ сұғып жіберген. Қазіргі уақытта Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 106-бабы 2-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.