Жарма аудандық Қылмыстық полиция қызметкерлеріне жедел-іздестіру шараларын жүргізу барысында ЖШС қызметкерінің ойық қаруды заңсыз сақтағаны туралы ақпарат келіп түскен, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
ШҚО Полиция департаменті ұсынған мәліметке сәйкес Шуақ ауылындағы тұрғын үйге жақын тұрған контейнерді тінту кезінде Семей қаласының 35 жастағы тұрғынынан зауыттық тәсілмен дайындалған және атуға жарамды 5,6 калибрлі бір оқтаулы ойық карабин табылып, тәркіленді.
– Бұдан бөлек, калибрі 12 мм тегіс ұңғылы бес оқтаулы мылтық алынды. Ол зауыттық әдіспен жасалған, атуға жарамды және де екі дана оқ-дәрі калибрі 12 мм тегіс ұңғылы атыс қаруының оқ-дәрілері болып саналады, - деді ШҚО ПД бастығы Сағат Мадиев.
Қарудың ұсталған ер адамға тиесілі еместігі анықталды. Тәркіленген заттар «қылмыстық қару» және «тіркелген қару» базалары бойынша тексеріліп, қарудың есепке тіркелмегендігі анықталды. Күдіктінің айтуынша, карабин марқұм атасынан қалған.
Аталған факті бойынша ҚР ҚК 287-бабы 3-бөлігіне сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.