Семейде 10 жыл тұралап тұрған мешіттің құрылысы қайта басталады

1565
көрілім
inform.kz

Семейде 2008 жылы іргетасы қаланған мешіттің құрылысы әлі күнге дейін тоқтап тұр. Оған себеп - қаржы тапшылығы. Енді осы жазда мешіт құрылысы қайта жанданбақ. Бұл үшін кәсіпкерлер тартылады, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

Үш мың адамға арналған жаңа мешіттің құрлысына алматылық және семейлік кәсіпкерлер кіріспек. Қазір арада келіссөздер жүріп жатыр. Семейде 11 мешіт бар. Қалада құлшылық ететіндердің санының артуына байланысты оларда орын жеткіліксіз. Жұма намазына келгендер мешіттерге сыймай қалады. Егер жаңа мешіттің құрылысы аяқталып, пайдалануға берілсе, бұл мәселе шешілуі мүмкін.

Бүгінгі күні мешіттің мұнаралары тұрғызылып, қабырғасы жартылай қаланған, коммуникация тартылған. Бұл жұмыстарға 300 млн теңге кеткен. Енді төбесін жабу үшін шамаман 120 млн теңге қажет. Ал құрылысты толық аяқтап, халық игілігіне беру үшін қосымша қаражат керек. Бұған мецанаттар жұмылдырылмақ.

«Маусым айының 29-ы күні Алматыда тұратын Семейдің тумалары келеді. Содан кейін қажетті қаражат бөлініп, жұмыстар басталады деп отырмыз. Жергілікті кәсіпкерлер де көмектеседі деген үміт бар. Ұсыныстарымызды айттық. Кез келген адам мешіт құрылысына қолынан келгенше көмек бере алады», - деді ҚМДБ-ның Семей өңіріндегі өкіл имамы Мақсат қажы Алтыбай. Салынып жатқан мешіт 4 мұнаралы, сегіз қырлы. Төрт мұнарасының биіктігі 63 метр. Алдында үлкен саябақ, 500 көлікке арналған автотұрақ, көліктерге арналған аспалы көпір болады.