Семей қаласындағы Найманбаев көшесінде келе жатқан Саят Еркінов (аты-жөндері толықтай өзгертілген) басқа ұлт өкілін көріп қалып, әңгімеге тартпақ болады. Алайда оның айтқан сөздерін түсінбеген үндіс мобильді қосымша арқылы аударма жасау үшін қалтасынан телефон алып шығып, бейтаныс адамның қолына ұстатқан. Сол кезде санасына жымысқы ой келген Саят смартфонды қайтарып бергеннің орнына, пышақ алып шығып, Үндістан азаматына сес көрсеткен, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі.
Семей шаһарына оқуға келген Аравинда Найтик жергілікті жұрттан жәбір көремін деп еш ойламаса керек. Кешкі сағат 20.30 шамасында студенттерге арналған жатақханаға келе жатқан оны бейтаныс ер адам келіп тоқтатады. 21 жастағы Саяттың әуел баста арам ойы болмаған сияқты. Орысша тіл қатып еді, үнді азаматы ештеңе түсінбеді. Семейліктің не айтқысы келіп тұрғанын ұққысы келген Аравинда мобильді қосымша арқылы аударма жасау үшін «Redmi Note 5» маркалы ұялы телефонын Саятқа берген. Бағалы смартфонды қолына алған ер адамда ұрлық жасау ойы туындайды. Телефонды қалтасына салған ол, пышақ алып шығып Аравиндаға шүйліге кетеді. Өне-бойын қорқыныш билеген үндіс Саятқа 8 мың теңге берген. Шетел азаматына қонақжайлық танытқанның орнына қоқан-лоққы көрсетіп, тонап кеткен ер адам бірден оқиға орнынан бой тасалаған.
Осыған байланысты сот ісі Семей қалалық №2 сотында қаралды. Сот барысында айыпталушы өз кінәсін толықтай мойындаған. Ал Аравинда Найтик оны кешіретіндігін айтып, бас бостандығынан айырмауды сұрады. Сот үкімі бойынша Саят Еркінов Қазақстан Республикасы Қылмыстық Кодексінің 191-бабы, 2-бөлігінің 1-тармағымен кінәлі деп танылып, 3 жылға бас бостандығынан шектелді. Сонымен қатар сотталушы 100 сағаттық мәжбүрлі еңбекке тартылды. Үкім толықтай заңды күшіне енген.
Асқар ТҰМАРБЕК