Семей қалалық соты жаяу жүргіншілер өтетін жолдан өтіп бара жатқан 70 жасар әйелді көлігімен қағып өлтірген жүргізушіні 4 жылға соттады, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі.
Мас күйінде көлік тізгіндеген Семей қаласының тұрғыны жолдан өтіп бара жатқан қарт әйелді қағып кеткен. 70 жасар қала тұрғыны сол жерде көз жұмды. Тергеу барысында көлік жүргізушісінің мас екендігі және бағдаршамның тыйым салынған белгісіне қарамай, жолдан өткен әйелді қағып кеткені анықталды.
Қылмыстық іс Семей қалалық №2 сотында қаралды. Ер адам жол көлік оқиғасының салдары мас күйінде көлік тізгініне отырғандығынан екендігін мойындады. Сот барысында мемлекеттік айыптаушы істі қараған судьядан жасалған қылмыстың ауырлығын ескеріп, сотталушыны 4 жылға бас бостандығынан айыруға және көлік басқару құқығынан 4 жылға айыру жазасын тағайындауды сұрады.
Сот прокурормен келісіп, құқық бұзушыны 4 жылға бас бостандығынан айырумен, жазасын қауіпсіздігі барынша төмен режимдегі түзеу мекемесінде (бұрынғы колония-қоныста) өтеуге соттады. Сондай-ақ, ер адам қайтыс болған зейнеткердің туыстарына 3 миллион теңге өтейтін болады.
Айта кету керек, өткен 6 айда Шығыс Қазақстан облысында осы тектес 17 іс қаралып, (жүргізушілердің кінәсінен адам өліміне әкеліп соққан жол-көлік оқиғалары), айыптау үкімдері шығарылған.