Семейде «Абай әлеміне саяхат» клубы ашылды

417
көрілім

Ұлы Абайдың 175 жылдық мерейтойы қарсаңында қаладағы 56 мектептің оқушыларына ақын, ойшыл хакім Абай шығармаларын терең ұғынуларына үлкен мүмкіндік туды. Аталған мектептерде «Абай әлеміне саяхат» клубы ашылды, деп хабарлады Buqara.kz тілшісі.

Аталған клубтың мақсаты - жас ұрпақтың бойына елін сүюдің рухани дәнін сіңіру.

- «Абай әлеміне саяхат» - жастардың бойына ұлттық бірегейліктің саналы түрде қалыптасуына ықпал етеді, - дейді клубтың ұйымдастырушылары. - Клуб мүшелері өз жұмыстары барысында Абай өлеңдерінен 70 сөз, қара сөздерінен 45 ой-тұжырымды жатқа білулері тиіс. Бүгінде «Абай әлеміне саяхат» клубы мүшелерінің саны күн сайын артып келеді.

Абай еңбектеріне деген қызығушылық тек мұнымен ғана шектеліп қалмақ емес. ШҚО оқу орындарында «Абайтану» курстары енгізілді. Ақынның туғанына 175 жыл толу мерейтойын өткізу бойынша қоғамдық кеңес отырысында 10 қаңтардан бастап облыс мектептерінің 5-8 сыныптарында, колледждердің «Қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі» мамандығының бірінші курс оқушыларына «Абайтану» элективті курстары енгізілгені айтылды. Облыстың 277 мектебі мен екі педагогикалық колледжде Абайтану кабинеттері ашылды.

Естеріңізге сала кетейік, «Абай әлемі» әдеби жобасын іске асыру жалғасуда, қазақ жазушыларының шығармалары енген қазақ, ағылшын, орыс тілдерінде шығатын жиыны 21 мын данамен тарайтын 20 кітаптың тізімі бекітілді. ШҚО-да барлығы 500-ден астам, оның ішінде Ұлыбританияда, Ресейде, Түркияда, Польшада, Қытайда 24 халықаралық, жиырмаға жуық шара республикалық деңгейде өткізіледі деп жоспарлануда. Оларды ұйымдастыруға өңірдегі ЖОО, ғылыми және мәдени ұйымдар, ҚР Жазушылар мен суретшілер одағы, ҮЕҰ, жастар тартылады.