Семейде Абайдың 3 поэмасы зағип жандарға арналған қаріппен жарық көрді

2606
көрілім

Семей қаласындағы Зағип және нашар көретін азаматтарға арналған кітапханада Брайль қарпімен басылған Абай шығармаларының таныстырылымы өтті, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Кітапхана қызметкерлерінің айтуынша, қалалық әкімдіктің қолдауымен арнайы «Duxbery» бағдарламасы сатып алынған. Соның арқасында кітапхана алғашқы кітаптарын Брайль шрифтімен басып шығарды. Бұл Абайдың «Масғұт», «Ескендір» және «Әзім әңгімесі» атты үш поэмасы, сондай-ақ хакім аударған И.Крыловтың мысалдары.
«Біздің кітапханада Абайдың Брайль шрифтімен басылған кітаптары болмаған еді. Осында келген кездерімізде кітапханашылар ұлы ойшылдың туындыларын оқып беретін. Енді қазақтың бас ақынының шығармаларын өз бетімізбен оқи алатынымызға қуаныштымыз», - деді арнайы кітапхананың оқырманы Клара Құсайынова. Сонымен қатар аудиокітап түрінде жарық көрген Абай шығармалары таныстырылды. Кітапхананың әлі де Брайль қарпіндегі әдебиеттерді мемлекеттік тілде шығаруға мүмкіндігі бар.