Қараша айының соңында Семей қалалық полиция басқармасы Әуезов полиция бөлімшесінің «102» жедел арнасына хабарласқан жергілікті тұрғын бейтаныс әйелдің қомақты қаржы жымқырғандығына шағымданған, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Қоңырау шалған 24 жастағы жігіт бейтаныс адам ақпан айының соңында нарықтық бағадан әлдеқайда қолжетімді сомада пәтер сатып алып беремін деп алдап, 3 000 000 теңге көлеміндегі ақшасын иемденгенін жеткізген.
Криминалдық полиция қызметкерлері бұрын осындай қылмысы үшін сотты болған, 27 жастағы қала тұрғынын анықтаған.
Келесі күні алаяқтың жетегіне ерген 52 және 27 жастағы тағы екі зардап шегуші арызданды.
Жәбірленушілердің айтуынша, қаскөй 2021 жылы ақпан айында және тамыз айының соңында дәл осындай тәсілмен барлығы 6 850 000 теңге иемденген.
- Тергеу амалдары барысында 27 жастағы күдікті әйел жоғарыда аталған қылмыстарды мойындады. Аталған фактілер бойынша ҚР ҚК-нің 190-бабы 3-бөлігіне сәйкес 3 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген, - деді ШҚО ПД бастығы Сағат Мадиев.