Қаңтар айының соңында Семей қалалық полиция басқармасының жедел арнасына 40 жастағы қала тұрғыны хабарласып, бейтаныс әйелдің алдап кеткендігіне шағымданған, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Анықталғандай, бейтаныс адам алдын ала сыйақысын берсе қаладағы университеттердің біріне жұмысқа орналасуға көмектесемін деп уәде еткен.
Оқиға өткен жылдың қазан айында болды. Көмектесемін деген әйелге 550 000 теңгесін берген соң біраз уақыттан кейін алданғандығына көз жеткізді.
Жедел-іздестіру шараларын жүргізу кезінде полиция қызметкерлері 28 жастағы қала тұрғынын қолға түсірді.
– Күдікті кінәсін мойындап, иемденген ақшаны жұмсап жібергенін алға тартқан. Бүгінде алаяққа ешқайда кетпеу туралы бұлтартпау шарасы қолданылды. Аталған факті бойынша ҚР ҚК-нің 190-бабы 1-бөлігіне (алаяқтық) сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Оның санкциясы екі жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көздейді, – делінген мәліметте.