Семейде белсенді түрде қоғамдық көліктер жаңартылуда. Енді қалалық бағдарда тегін WiFi бар, Евро-5 стандартына сай келетін автобустар жүретін болады, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі.
Өткен жылы жаңадан ашылған «Семей» автобус паркіне орта санатты 20 автобус сатып алынған. Биыл олардың қатары жоғары санатты 15 автобуспен толығып отыр.
– Семейдің көлік құрастыратын зауыты біздің өтініш бойынша автобустарды шығаруға дайындалып жатыр. Тасымалдаушылар орта және жоғары санаттағы жаңа автобустар алу туралы келіссөздер жүргізуде. Мәселен, «Таксомоторлы парк» ЖШС жаңа автобус алу туралы келісім жасауда. Ол үшін несие беру жүйесі де қарастырылған. Күн талабына сай болу керек, одан басқа жол жоқ. Қозғалыс құралын жаңартпай, жолаушылар тасымалдау нарығында еш компания жүре алмайды, - деді Ермак Сәлімов.
Евро-5 стандартындағы жаңа автобустардың барлығы тегін WiFi-мен қамтылған, GPS-навигаторы да бар. Ол арқылы қозғалысты бақылауға болады. Сондай-ақ, автобустың орны мен аялдамалар туралы ақпарат беретін автохабарландырушылар орнату жоспарда тұр. Семейде алдағы таңда электрондық билет мәселесі де шешіледі деп күтілуде.
Айбын АМАНГЕЛДІҰЛЫ