Биыл Семейде бес мың көрерменге арналған көпсалалы «Абай арена» кешенінің құрылысы басталмақ. Бірегей ғимарат халықаралық стандарттарға сәйкес тұрғызылатын болады.
Семей шаһарына барған өңір басшысы Даниал Ахметов семейліктерді мәдени-спорттық кешеннің жобасымен таныстырды. Жобаның бірегейлігін тілге тиек ете келе аймақ басшысы бұл қадам семейліктердің мақтанышына айналарына сенім білдірді.
– Жобаның техникалық-экономикалық негізі даяр. Кешен құрылысы Қарағайлы шағын ауданында басталады. «Абай арена» семейліктердің мәдени және спорттық тынысына тың серпін берері сөзсіз. Әмбебап қызмет көрсететін сәулетті нысан Семейді өзге қалалардан ерекшелері даусыз. Зәулім залда әр түрлі шаралар ұйымдастырылып, су кешенінде жаттығулар өтеді. Семей қаласының іргетасы қаланғанына 300 жыл толуына байланысты бірегей нысанды салғалы отырмыз, – деді аймақ басшысы.
Нысанның жалпы аумағы 14 мың шаршы метрді құрайтын болады. Халықаралық стандарттарға сай спорттық кешен ауқымды деңгейдегі сайыстарды ұйымдастыруға мүмкіндік бермек.
Аян ӨРІБАЕВ