Семейде биыл 19 көпқабатты тұрғын үйдің қасбеті жаңартылады

189
көрілім

Облыс әкімі Даниал Ахметов Семей жұртшылығымен кездесіп, өткен жылдың қорытындыларын талқылады, хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Өз сөзінде аймақ басшысы бірқатар мәселенің шешім тауып жатқанын алға тартты. Бұл туралы әкім өзінің Facebook парақшасындағы жазбасында жариялады.

- Өзен арнасындағы ескі дюкер 30 жыл бойы жөндеу көрмеген. Ол Ертіс өзені бойындағы қалаларға экологиялық апат қаупін төндіріп тұрған болатын. Қазір ол жөндеуден өтті, -деді Даниал Кенжетайұлы.

Бүгінде бұрынғы аудан орталықтарының бірі болған Қайнар ауылын дамыту бағдарламасы жүзеге асуда. Соның аясында мәдениет үйі қайта қалпына келіп, көшелер абаттандырылып, жолдар жөнделуде.

- Осы жылы Семейдегі Шәкәрім даңғылының бойындағы көпқабатты 19 тұрғын үйдің қасбеті қайта жаңартылады. Себебі бұл қаланың бас қақпасы іспеттес. Бірақ басты мақсат - шаhар бейнесінің тарихи келбетін сақтап қалу, - деді ШҚО әкімі.

Оның айтуынша, биыл барлығы 50-ден астам жобаны жүзеге асыру жоспарланған. Атап айтқанда, қоғамдық көліктер қатынайтын көшелерді жөндеу назарда тұр. Қала тұрғындарының өтініштері бойынша автокөпір мен «Спартак» стадионын қайта жаңарту көзделуде. Қазіргі уақытта Семейді айналып өтетін 51,5 шақырым жолдың құрылысы жүріп жатыр.

- Биыл да тұрғын үй құрылысына ерекше көңіл бөлетін боламыз. Осы жылы «Бірқабатты Шығыс» бағдарламасы шеңберінде 440 мың шаршы метрден астам тұрғын үй пайдалануға беріліп, 43 үй салынады. Қалада 16 спорт және ойын алаңдары тұрғызылып, 35 аула жөнделеді. Сондай-ақ жылу магистралін жөндеу, абаттандыру, «Сергек» камераларын орнату және көшелерді жарықтандыру жұмыстары жалғасады, - деді облыс әкімі.