Семейде биыл егістік алқабы арттырылмақ

429
көрілім
Шартты фотосурет

Семейде егін егу науқаны 20 сәуірде басталады, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

2020 жылы Семейдегі егістік алқабы 14700 гектарды құрайды. Бұл өткен жылғымен салыстырғанда 4,5%-ға артық. Жоспар бойынша 1049 гектер дәнді дақылдар, 3096,5 гектар картоп, 1474,7 гектар көкөніс, 46 гектар бақша дақылдары, 8049,8 гектар азықтық дақылдар және 984 гектар майлы дақылдар егіледі.

– Осы жылы шаруагерлер сапалы тұқыммен толықтай қамтамасыз етіледі. Тұқымды материалдар сапасы мен себуге жарамдылығын анықтау үшін «Казагрэкс» АҚ зертханасына жіберілді. Ауыл шаруашылығы саласындағы кәсіпкерлердің 8,8 мың тонна картоп тұқымы 3096,5 гектар алқапты толықтай қамтамасыз етеді. Ал көкөніс дақылдарының элиталық тұқымдары қапталған түрде Голландия мен Ресейден жеткізілмек, – деп хабарлады қалалық ауыл шаруашылығы бөлімі.

Бүгінде Семейде тұқым шаруашылығын дамыту мақсатында бірқатар шаралар қолға алынуда. Шаһарда картоптың жоғарғы өнімді тұқымдарын өндіретін 2 ауылшаруашылық құрылымы бар. «Агрофирма Приречное» ЖШС мен «Мұздыбай-1» ШҚ биыл картоптың 1200 тонна І, ІІ, ІІІ репродукциялы тұқымдарын сатуға дайындады.

Айта кетейік, осы жылы қала бойынша егін егу науқаны 20 сәуірде басталып, 15 маусымда аяқталмақ.