Семейде ҰҚК қызметкерлері мөлшері жағынан бұрын соңды кездеспеген есірткі саудасының жолын кесті. Есірткі өткізбек болғандар Жамбыл облысынан салмағы 150 келіге жуық кептірілген марихуананы Семейге әкеліп, пайда таппақ болған.
Есірткі саудасына қатысты екі айыпталушы қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Жедел топ қызметкерлерінің қолына түсіп, кейін сотта жауап берген олар өз кінәларын толық мойнына алған. Сот материалдарына сәйкес, есірткі заты Жамбыл облысынан пияз толы қаптарға салынып әкелінген.
Сотталушылар тасымалды ойдағыдай іске асырғаннан кейін, тауарды бірден алып кететін «клиент» іздей бастайды. Көп кешікпей «Ресейден келдім» деген «Сава» лақап атты біреу марихуананың сексен келісіне тапсырыс берген. Бірнеше реткі кездесуде тараптар сауданың ретін әбден талқылап, ендігі кезекте тек істі жүзеге асыру ғана қалған. Өткен жылдың қазан айында Савамен кездескен екеуі көлікке есірті заттарын тией бастайды. Дәл осы кезде арнайы қызметкерлер сау ете түсіп, сотталушыларды тұтқынға алған.
Тауарлардан бір сәтте 10 мың АҚШ долларын табуды көздеген екеуі өздері ойлағандай ресейлік емес, арнайы қызметкермен келіссөз жүргізіп жүргенін сезбеген көрінеді. Айыпталушылардың бірінің үйін тексерген кезде моншадан тағы 77 келі есірткі заты табылды. Шығыс Қазақстан облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының үкімімен сотталушылардың бірі 11 жарым, екіншісі 10 жыл өмірін темір тордың ар жағында өткізетін болды.
Мейрамбек Қосажан