Семей қаласында дүниеге келген шақалақтан жұлын ақауы анықталған. Ақ халатты абзал жандар оны құтқару үшін жедел түрде ота жасады. 45 минутқа созылған ота сәтті өтіп, қазір нәресте өздігінен демалып жатыр, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Бұл жайлы сайт тілшісіне Семей мемлекеттік медицина университетінің балалар хирургиясы және ортопедия бөлімінің дәрігері Жасұлан Әсетов айтып берді.
– 2017 жылдан бері қаладағы Перинаталды орталықтың неонатология бөлімінде денсаулығында ақауы бар жаңа туған нәрестелерге ота жасап келеміз. Себебі баланы перзентханадан ауруханаға жеткізгенше оның жағдайы төмендеп кетеді. Сондықтан осындай шешім қабылдаған едік. Бірнеше жылдың ішінде 6 ота жасадық. Оның бесеуі сәтті аяқталса, біреуінде нәресте шетінеп кетті, - дейді балалар нейрохирургі.
3 мамыр күні түнгі сағат 03.00-де жарық дүние есігін ашқан ұл баланың салмағы – 3600 келіні құраған. Шақалақтан – рахишизис, яғни туа біткен жұлын ақауы анықталыпты.
– Бізге хабар түскен соң бірден керек-жарақтарымызды алып жолға шықтық. Егер жылдам ота жасамаса жұлынға инфекция түсер еді. Құдайға шүкір, 45 минутқа созылған ота сәтті өтті. Диаметрі 6 см тері ақауын кесіп алып тастап, пластика жасадық. Кеше наркозда болған нәресте бүгін көзін ашып, өздігінен демалуда, - дейді Жасұлан Әсетов.
Оның айтуынша, қазіргі уақытта шақалақта ему рефлекстері пайда болған. Енді күн сайын медицина қызметкерлері оның денсаулығын тексеріп отырады.
– Нәрестеде жамбас қуысы ағзаларының қызметі сақталған. Бірақ болашақта қандай да бір ақау туындауы мүмкін. Өйткені рахишизис негізінен тағы бір ақаумен қосарланып келеді. Қазір дөп басып айту қиын. Бәрі болашақтың еншісінде. Бала өсе келе анықталуы ықтимал. Сондықтан тексеруді үзбеу керек, - дейді дәрігер.