Семейде әл-Фарабидің 1150 жылдығына орай республикалық ақындар айтысы ұйымдастырылмақ. Бұл жайлы қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Назерке Аққожина мәлімдеді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Оның сөзіне сенсек, Әбу Насыр әл-Фарабидің мерейтойына арналған іс-шаралар жоспары бекітілген. Жыл көлемінде республикалық және өңірлік деңгейдегі 20-дан астам шара өткізу көзделіп отыр.
- Ең ауқымдылары – «Ұлы даланың ұлы тұлғасы – Әбу Насыр әл-Фараби» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция мен «Әбу Насыр әл-Фараби мұрасы – адамзат байлығы» республикалық ақындар айтысы болмақ. Сондай-ақ жас ақындар мүшәйрасы, ғұлама жайында театрландырылған қойылым және философтың туған жері Отырарға туристік сапар ұйымдастырылады. Бұдан бөлек, барлық білім ордаларында танымдық шаралар, дөңгелек үстелдер өткізіледі, - дейді Назерке Аққожина.