24 мамыр күні Семей қаласындағы Ертіс көпірінің үстінен өтіп бара жатқан бойжеткен суға құлап кетіп, өзен жағасындағы бұтаққа ілініп қалған. ШҚО ІІД хабарлауынша, құқық қорғаушыларға бұл туралы хабарлама сағат түнгі 23:00 шамасында келіп түскен, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі YK-news.kz сайтына сілтеме жасап.
ШҚО ІІД баспасөз қызметінің бастығы Бақытжан Торғаевтың хабарлауынша, бойжеткен Ертіс өзенінің «ескі» көпірінің жаяу жүргіншілер жүретін бөлігімен кетіп бара жатып, сөмкесінен ақша алмақ болған. Қатая соққан жел қыздың қолындағы ақша купюраларын ұшырып әкеткен. Ақшаны ұстап алмақ болған бойжеткен абайсызда көпірдің қолшауынан асып құлап түскен көрінеді. Бағына орай, әлгі қыз зардап шекпеген.
Ал ШҚО ТЖД-нің баспасөз қызметі бойжеткеннің өзенге күмп беріп, түсіп кеткенін хабарлайды. Әлгі қыз осылайша әупірімдеп тал қармап аман қалғанға ұқсайды.
– 24 мамыр күні түнгі уақытта ақшасын ұшырып әкеткен желдің кеселінен суға түсіп кеткен. Ағыс ағызып әкеткенімен, жағадағы талға жармасқан қыз аман қалды. Ертістің қарқыны қатайып тұрғанымен, бойжеткеннің жолы болды десе де болады. Маңайда өтіп бара жатқан адамдар қыздың айғайын естіп, құтқару қызметін шақырған. Оқиға орнына жеткен құтқарушылар қызды еппен судан алып шықты. Бұдан кейін қызды жедел жәрдем қызметі алып кетті, деп хабарлайды ШҚО ТЖД-де.