Семей гарнизоны әскери сотында 44793 әскери бөлімінің әскери қызметшісі мен оның туысына қатысты үкім жарияланды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі Семей гарнизоны әскери сотының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Іс материалдарына сәйкес, өткен жылдың қазан айында семейлік тұрғын кептірілген марихуананы заңсыз иеленіп, оны Семей қаласындағы пәтерінде сіріңке қорабында сату мақсатында сақтаған. Ол сауданы жүзеге асыру үшін сыбайласы болып өзінің туысы болып келетін әскери қызметшіні іске тартқан. Өз кезегінде әскери қызметші марихуананы сатып алатын адамдарды іздестірген.
Сотта марихуаннаны заңсыз иеленген семейлік тұрғынның бұрын осы бапқа ұқсас қылмыстық жауапкершілікке тартылғаны анықталды. Сот үкімімен ол қылмыс жасағаны үшін кінәлі деп танылып, жаза ретінде 6 жылға бас бостандығынан айырылды. Ал оның сыбайласы ретіндегі әскери қызметші 5 жылға түрмеге тоғытылды. Үкім заңды күшіне енген жоқ.