Семейде әскерилер өрт шалған иесіз ғимараттан 1 адамды құтқарды

466
көрілім
Шартты фотосурет

Семей қаласындағы «Шығыс» өңірлік қолбасшылығының әскерилері көшелерді патрульдеу кезінде ер адамды өрттен құтқарып, іздеуде жүрген қылмыскерді ұстады, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Семейде коронавирустың таралуын болдырмау мақсатында қосымша шектеу шаралары енгізілгеннен кейін «Шығыс» ӨҚ әскерилері және Ұлттық ұлан сарбаздары бірлесіп шаһардағы қоғамдық орындарды патрульдеп жүр.

– Патрульдеу барысында екі әскери қызметкер – аға сержант Қуанышбек Айсаулин мен аға сержант Талғат Сайфуллин Чехов көшесінің бойындағы өрт шыққан иесіз қалған ғимараттан бір адамды құтқарып, тілсіз жауды ауыздықтады. Содан кейін әскерилер оқиға орнына жәдел жәрдем шақыртқан, – делінген «Шығыс» өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметі таратқан мәліметте.

Сондай-ақ Шәкәрім даңғылы мен Севастопольская көшесінің қиылысында аға сержант Аслан Шұжықбаев пен сержант Еркебұлан Оразтаев қосымша шектеу шараларын бұзған адамды ұстады. Әскери қызметкерлер оны бекініс пунктіне жеткізген. Анықталғандай, бұл азамат Шығыс Қазақстан облысының Аягөз ауданында іздеуге жүріпті. Полиция басқармасының өкілдері «Шығыс» ӨҚ әскерилеріне қырағылықтарына және жедел әрекет еткендеріне ризашылықтарын білдірді.