Семейде кезекті алаяқ ұсталды

770
көрілім
Шартты фотосурет

Орталық полиция бөліміне алаяқтың құрбаны болған 27 жастағы қала тұрғыны хабарласып, ұялы телефонын бөліп төлеу арқылы сату бойынша Қуаныш есімді танысымен келіскенін айтқан, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Сатып алушы үйіне келгенде телефонның ақшасын кейін беретінін айтып, құны 415000 теңге тұратын ұялы телефонын алып кеткен. Алайда қаскөй бұдан кейін телефон қоңырауларына жауап бермей, жәбірленушімен байланысқа шықпаған. Жәбірленуші алаяқтың арбауына түскенін ұғып, полиция бөліміне арызданған.

– Жедел-іздестіру шаралары нәтижесінде криминалдық полиция бөлімінің қызметкерлері лезде құрықтады. 24 жастағы семейліктің бұрын алаяқтық қылмысы үшін сотталғандығы анықталды. Сот үкімімен үш жылға бас бостандығын шектеу шараларына қарамастан ол тиісті қорытынды жасамай, қылмыс жасауды жалғастырған, – деді ШҚО ПД бастығы Сағат Мадиев.

Бұдан өзге, сотқа дейінгі тергеу барысында тәртіп сақшылары алаяқтың тағы бір қылмысқа қатысы барын анықтады. Қаскөй тура сондай тәсілмен ұялы телефонды бөліп төлеуге сатып аламын деп қазан айының басында 29 жастағы Алматы облысы тұрғынының сеніміне кіріп оның 205000 теңге тұратын ұялы телефонын иемденген. Осылайша алаяқтың жымысқы әрекеттерінен келтірілген жалпы шығын 600000 теңгені құраған. Күдікті кінәсін толығымен мойындады. Ұсталған уақытта алаяқ бөтеннің ұялы телефондарын сатып, түскен қаражатты өз қажеттілігіне жұмсап үлгерген, бөліп төлеуге алған ұялы телефондардың ақшасын қайтаруды мүлде жоспарламаған.

Қазіргі уақытта осы фактілер бойынша ҚР ҚК 190-бабы 1-бөлігі (Алаяқтық) бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.