Семейде көпбалалы отбасы пәтер алудан бас тартты

522
көрілім

Семейде көпбалалы отбасы пәтер алудан бас тартып, қаладан 30 шақырым қашықтағы Чекоман ауылына көшіп барды, деп хабарлады Buqara.kz тілшісі Baq.kz сайтына сілтеме жасап.

Жүнісовтер отбасында алты бала бар. Үлкені – 14, ал кішісі бір жастан асқан. Бұл отбасына әлдебір кәсіпкер (атын атамауды өтінген) аталмыш ауылдан ауласы кең, қора-жайы түгел салынған үй алып берген.

Отанасы Марал Жүнісова жуықта "Бастау бизнес" жобасымен грант ұтып алған. Оған әзірге 20 тауық сатып алды. Енді сиыр әкелмек.

- Қалада үйден-үйге көшіп жүрдік. Көп баламен қайбір жақсы үйлерді жалдап тұрды дейсіз. Бірінен бірі өтеді. Бала-шаға көп екен деп, ешкім жақсы үйіне кіргізбейді. Күйеуімнің бір өзі тапқан қаражаты жеткіліксіз. Ал үй кезегінде 8 жыл тұрдық. Сондықтан да ауылды жерге барып кәсіп бастауды ұйғардық. Бақшаға көкөніс егіп, сүт өнімдерін сатып дегендей де, тамағымызды айыруға болады ғой, - дейді Марал Жүнісова.

Жуықта, нақтырақ айтқанда 1 желтоқсан күні Жүнісовтер отбасынының жаңа қонысына Семей әкімі Ермак Сәлімов бас сұғып қайтты. Мемлекет тарапынан оларға қажетті көмек көрсетілетінін айтты.