Семей қалалық Полиция басқармасы Әуезов полиция бөлімінің қызметкерлері 24 жастағы жігіттің құндыз тон ұрлағанын анықтады, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Тергеу жұмыстары барысында күдікті қаңтардың 1-і күні шамамен таңғы сағат 03:30 кезінде Первомайская көшесіндегі көңіл көтеретін орындардың бірінде болғаны анықталды. Біраздан кейін келушілердің бірінің орындықтың арқалығында тұрған құндыз тонын көреді. Қымбат тон иесі өз кезегінде достарымен алаңсыз көңіл көтеріп отырған. Орайлы сәтті күтіп отырған айлакер әлгі адам бойжазып қайту үшін сыртқа шыққанда бағасы 300 мың теңгелік бағалы тонды әп-сәтте қолды қылған. Тон иесі сырт киімі жоғалғанын аңғарған бойда бірден тәртіп сақшыларына шағымданған. Қазіргі уақытта ұрлау фактісі бойынша ҚР Қылмыстық Кодексінің 188-бабы 1-тармағына сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды.