Қызды аңдаған жігітке тойтарыс беру кезінде полицей жарақат алған, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Полицейді дереу ауруханаға жеткізді, ал шабуыл жасаған жігіт уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Облыстық ПД хабарлауынша, полицияға 13 жасар қыздан белгісіз біреудің аңдып жүргені туралы хабар түскен. 102-ге хабарласқан қыз дүкенге кіріп, қайта шығуға қорқып тұрғанын айтқан.
«Оқиға орнына учаскелік полиция инспекторлары жетіп, супермаркет маңынан күдікті адамды байқап, мән-жайды анықтауға тырысты. Қолына пышақ ұстаған ер адам тәртіп сақшыларына ұмтылды. Агрессивті адамның назарын аударған инспекторлар патрульдік полиция экипажына радиохабар берген. Заңсыз әрекеттердің жолын кесу үшін қызметтік көлігінен шығып, бара жатқан патрульдік полицей Асхат Асхатовқа күдікті шабуылдап, денесіне пышақ сұққан. Осыған қарамастан, жарақат алған ол қоян-қолтық ұрыс әдістерін қолданып, әріптестерімен бірге оны қолға түсірді», - делінген хабарламада.
Полицей басынан үш жарақат алды. Ауруханаға жеткізіліп, медициналық көмек көрсетілді.
Қазір күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалып, оның үстінен полиция қызметкерін жарақаттау фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды.