Семей қаласында тәртіп сақшылары алтын бұйымдарды қолды қылған ломбард қызметкеріне қатысты қылмыстық іс қозғады, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Әуезов полиция бөліміне хабарласқан ломбард директоры 4 000 000 теңгенің зергерлік бұйымдары жоғалғанын айтқан. Жедел-іздестіру шараларын жүргізген полиция қызметкерлері сол жерде жұмыс істейтін 21 жастағы қыздың ұрлық жасағанын анықтады.
«Белгілі болғандай, зергерлік бұйымдарды бағалаушы 5 ай бойы жымқырылған алтындарды құрбысының атынан басқа ломбардқа өткізіп отырған. Осыған орай ҚР Қылмыстық Кодексінің 188-бабы 3-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде», - деп хабарлады ШҚО Полиция департаментінің баспасөз қызметі.