Семейде мақтааралдықтарға көмек акциясы басталды

316
көрілім

Бүгін Семей қаласында су тасқынынан зардап шеккен Мақтаарал ауданының тұрғындарына көмек беру акциясы басталды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Орталық қалалық мешіт алдында азық-түлік пен бірінші қажеттілік заттары жиналуда. Қайырымдылық акциясының ұйымдастырушылары – ҚМДБ-ның Семей аймағы бойынша өкілдігі, «Зекет» қоры және еріктілер.

– Мақтааралда су тасқыны болғанын жалпы ел біледі. Осыған байланысты жерлестеріміз зардап шеккендерге көмек көрсетпек. Өйткені, біздің өңірде қандай да бір қиындықтар болған кезде еліміздің барлық облыстары қолұшын созған. ҚМДБ мен «Зекет» қоры зардап шеккендерге қаржылай көмек көрсету үшін аталмыш акцияны ұйымдастырып отыр. Оған қала еріктілері де атсалысып, азық-түлік пен киім-кешек жинауда. Біз барша семейліктерді мұқтаж жандарға қолұшын созуға шақырамыз, - дейді ҚМДБ-ның Семей өңірі бойынша бас имамы Асқар Әбітайұлы.

Оның айутынша, 4-5 күн бойы мешіт алдында жүк көліктері тұратын болады. Оған азық-түлік және басқа да қажетті заттар салынбақ. Көліктер толған сәтте Мақтааралға жіберіледі. «Су тасқынынан зардап шеккендерге көмектесу үшін тез бұзылмайтын өнімдерді, яғни киім, жастық, көрпе және басқа қажетті заттарды әкелуге болады. Сондай-ақ кез келген соманы «Зекет» қорына 4400 4301 1208 7538 нөмірі арқылы жіберіп, қаржылық қолдау көрсете аласыздар», - дейді бас имам.