Семейде марихуананы бокс қабына салып тасымалдағандар ұсталды

409
көрілім

Семей қаласында полиция қызметкерлері есірткі арнасын анықтаған, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.  
Жедел-тергеу іс-шараларының нәтижесінде тәртіп сақшылары облыс аумағында есірткі сатумен айналысқандарды қолға түсірді. Анықталғандай, алдын ала ұйымдасқан 3 ер адам 2020 жылдың наурыз айының басында есірткі заттарының ірі мөлшерін сату үшін алған.

«Полицейлер 27 жастағы күдіктіні Семей қаласынан шығар жерде ұстады. Тінту барысында көлік жүксалғышынан ішінде жасыл түсті өсімдік тектес зат салынған бокс қабы табылған. Сараптама нәтижесінен оның салмағы 44 келіні құрайтын кептірілген марихуана екені белгілі болды. Сол күні құрықталған екінші күдіктінің көлігінен 2,7 келіден астам есірткі заты анықталып, тәркіленді», - деп хабарлады ШҚО ПД баспасөз қызметі 

Қазіргі уақытта 3 ер адам уақытша ұстау изоляторына қамауға алынған. ҚР ҚК-нің 297-бабы (Есірткі заттарын өткізу мақсатында заңсыз дайындау, қайта өңдеу, иемдену, сақтау, тасымалдау) бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Сондай-ақ тәртіп сақшылары есірткі заттарын жеткізушілерді анықтауға кіріскен.