Семейде мектеп оқушылары қала әкімінің сыйлығына ие болды

485
көрілім

Түрлі аталымдар бойынша топ жарғандар арасында «Жылдың жас ғалымы» атағын Семей қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 10 сынып оқушылары Нұрбол Мақтаев пен Мирас Мұратқанов жеңіп алды. Жас шәкірттер «Мемлекеттік жастар саясатын жүзеге асыруға қосқан үлесі үшін» атты қала әкімінің сыйлығына ие болды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

– Ұстазымыз Бақытбек Орынбаевтың жетекшілігімен жасаған жобамыздың сәтті қорғалғанына қуаныштымыз. Біз бұл жобаны қысқа мерзімде аяқтап, көпшілікке таныстырған болатынбыз. Біздің жасаған домбырашы роботымыз көпшілікті елең еткізіп, еңбегіміздің еш кетпегенін бүгін анық сезініп отырмыз. Шараны ұйымдастырушылар мен шараға қатысуға кеңес берген жоба жетекшісіне алғысымыз шексіз, - дейді шәкірттер.

Естеріңізде болса, оқушылар осыдан 1 ай бұрын шамасында домбырашы робот құрастырып, компьютерге енгізілген кез-келген күйді, болмаса әннің нотасы арқылы оның орындалуына қол жеткізген болатын. Форум аясында қала әкімі Ермак Сәлімов жас ғалымдардың жаңашылдығымен жақынырақ танысып, алдағы істеріне табыс тіледі.

Биыл қала әкімі сыйлығына 10 аталым бойынша 50 ден аса үміткерден құжаттар қабылданған. Комиссия шешімімен солардың арасынан үздіктер іріктеліп, арнайы Дипломмен ақшалай сыйлықтармен марапатталды. Атап өтерлігі, бұл екі оқушы қала әкімінің сыйлығын жеңіп алған алғашқы мектеп оқушылары болып отыр.