Мамыр айының 23-і күні Семей қалалық полиция басқармасы Орталық полиция бөлімінің «102» жедел арнасына 47 жастағы қала тұрғыны қоңырау шалып, әлдекімнің 1,5 млн теңгеге жуық ақшасын иемденгендігіне шағымданған, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
ШҚО Полиция департаменті таратқан мәліметке сәйкес ер адам 2020 жылғы қазан айының ортасында бейтаныс әйел оның сеніміне кіріп, мүгедектікті ресімдеп беремін деген сылтаумен 1 400 000 теңге мөлшеріндегі ақшасын иемденгені туралы арызбен жүгінген.
- Жедел-іздестіру шараларын жүргізу барысында қылмыстық полиция қызметкерлері бұл істі кезекші тәулікте ашты. Аталған қылмыстық құқық бұзушылықты жасады деген күдікпен 27 жастағы әйел анықталып, кейін ол ақшаны өз мұқтаждықтарына жұмсағанын түсіндірді, - деді ШҚО ПД бастығы Сағат Мадиев.
Аталған факті бойынша ҚР ҚК-нің 190-бабы 3-бөлігіне сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.
ШҚО Полиция департаменті бейтаныс адамдарға қандай да бір қызмет көрсеткені немесе түрлі тауарларды, соның ішінде ғаламтор арқылы сатып алғаны үшін ақшалай қаражат пен өзге де тауарлық-материалдық құндылықтарды алдын ала бермеуді ескертеді.