Семейде орын алған өрт жағдайларынан бір адам көз жұмып, үш адам жарақат алды

672
көрілім
Семей қаласында 17 сәуір күні екі өрт жағдайы орын алды. Мұның салдарынан бір адам көз жұмып, үш адам түрлі дәрежеде жарақат алған, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі ШҚО ТЖД сілтеме жасап.

Озерка ауылында тіркелген оқиғада көршілердің сөзін келтірген ШҚО ТЖД баспасөз қызметі өртке оранған үй тұрғындарының бірнеше күн бойы алкогольдік масаң күйде болғанын хабарлайды. Оқиғаға куә болған көршілер өрт сөндірушілерді шақырған.

Оқыс оқиғаның салдарынан 52 жастағы әйел көз жұмды. Ал үй ішіндегі екі адам терезені сындырып сыртқа шығып үлгерген. Денелері күйік шалғанымен зардап шегушілер ауруханаға жатудан бас тартты.

Тілсіз жауды ауыздықтау барысында өрт сөндірушілер үй ішінен газ балонын алып шықты. Алдын ала берілген ақпарат бойынша, өрт мас күйде темекі шегудің немесе жөнделмеген пештен туындауы мүмкін.

Дәл осы күні Степное ауылындағы үйлердің біріндегі гаражда автокөлік өртке оранды. Тілсіз жау нысанның шатырын шарпып, осының салдарынан автокөліктің иесі жарақат алған. Қолын күйік шалған көлік иесі ауруханаға жеткізілді. Өрт сөндірушілер үйді жалмап кете жаздаған оттың алдын алды.

Мейрамбек ҚОСАЖАН