Семей қалалық білім бөлімі мамандары баспасөз конференциясын өткізді. Жиынға арқау болған тақырып – өткен жылғы білім беру жүйесіндегі атқарылған жұмыстар.
Білім бөлімі басшысының орынбасары Біржан Бұлабаевтың айтуынша, қазіргі уақытта Семейде барлығы 137 білім беру мекемелері жұмыс істейді.
- Оның 92-сі мемлекеттік, ал 45-і жеке меншік. Қыркүйек айынан бастап шаhарда мектептегі оқушылар саны – 51 мың. Ал мектепке дейінгі білім беру бойынша 60 балабақша бар. Осы күнде 11257 бүлдіршін балабақшамен қамтылған. Ақпан айында 4665 бала кезекте тұр, - деді ол.
Соңғы екі жылдағы еліміздегі эпидахуал салдарынан мектеп оқушылары қашықтан білім алғанына байланысты биылдан бастап оқу жүктемесі біршама азайған.
– Биыл білім беру жүйесінде ауыз толтырып айтарлықтай өзгерістер болды. Мәселен, 1 сынып оқушылары үшін қыркүйектен бастап «Әліппе», «Ана тілі», «Букварь», «Обучение грамоте», «Цифрлық сауаттық» сияқты пәндер енгізілді. Сондай-ақ әр мектептің таңдауы бойынша 5-11 сыныптар үшін арнайы курстар да өз жұмысын бастады. Мысалы, қазақ сыныптары үшін музыка пәнінде оқушылар домбыра аспабын үйреніп, ұлттық күйлерді орындауға машықтанады. Қазірдің өзінде заманауи технологиялар көмегімен инклюзивті білім беру жүйесін меңгеру – басты талап. Осыған сәйкес №17 және №36 мектептерде инклюзивті сыныптар жабдықталған, - деді Біржан Бұлабаев.
Өткен жылы үлгерімі озат 400 оқушы облыстық, республикалық пән олимпиадаларына және ғылыми жоба сайыстарына белсене қатысып, жүлделі орындардан көрінген. «Бұлақ көрсең, көзін аш» демекші, зейінді, зерек оқушыларды қолдау мақсатында «Оқуға құштар мектеп», «Оқуға құштар ұлт», «Құқықтық сана – ауылға пана», «Дәстүр мен ғұрып», «Еңбек елдің мұраты», «Экологиялық мәдениет кіші жастан», «Қоғамға қызмет», «Мұражайлық сағат» сияқты жобалар жүзеге асып жатыр. Сонымен қатар оқушылардың көпшілік алдында шешен, еркін сөйлеуі мен тапқыр да шапшаң ойлауы үшін өзін-өзі басқару ұйымдары мен дебат клубтары қарқынды жұмыс істеуде.
Білім бөлімі басшысының орынбасары Гүлнұр Теребаева мектептердегі материалдық-техникалық базаны жақсарту жайлы сөз етті.
– Білім мекемелерін сапалы жүйемен қамтамасыз ету үшін ең алдымен материалдық-техникалық базаны жақсарту аса маңызды. Мәселен, өткен жылдың өзінде көптеген білім мекемелеріне жиhаздар алынып, кітапхана бөлмелері жаңартылды, - деді спикер.
Өткен жылы білім беру саласын дамытуға 30 млрд теңге бөлінсе, 2020 жылы 20 млрд теңгені жұмсалған. Жергілікті бюджет есебінен бес ауыл мектебіне жылыту жүйесі орнатылып, Бегалин мектебінің спорт залы жөнделді. Сондай-ақ осы жылы 325 миллион теңгеге алты мектеп күрделі жөндеуден өтеді.