Семейде полиция қызметкері қылмысты ашу үшін ерекше қулыққа барған

1438
көрілім
Фотосурет - arnapress.kz сайтынан.

Семей қаласында бірнеше мәрте ұрлық істеп оңай ақшаға құныққан ұрыны сөзге тартқан тәртіп сақшысы одан тіркеуге алынбаған тағы бір қылмыстың жай-жапсарын анықтаған. Автобус ішінде белгісіз біреудің ұялы телефонын қолды қылған ұры өз кінәсін мойындағанымен, полиция қызметкері жәбірленушінің кім екенін анықтай алмай әуре-сарсаңға түседі. Сол кезде қызметтік көрсеткішін жақсартып, басшы алдында еңсесін тіктемек болған құқық қорғаушы телефонын жоғалтқан адамды «қолдан» жасап шығарған. Бұл жайлы Семей қалалық №2 сотында қаралған қылмыстық істің материалдарынан белгілі болды, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі.

Ұры ұсталған соң…

Аға лейтенант Нұрбек Кішкенбаевтың (аты-жөні өзгертілген) полиция қызметкерінің шенін таққанына 3 жылдан астам уақыт болған. Қырағылық пен қайсарлықты қажет ететін бұл мамандыққа ысылып қалған Нұрбек бұрын-соңды заңды белден аттап көрген емес. Алайда 2017 жылы ол қасықтап жинаған абыройын бір-ақ сәтте айрандай етті.

Полиция қызметкері Нұрбек Кішкенбаев осыған дейін талай рет ұрлық-қарлықпен ұсталған азаматты күдікті ретінде шақыртып, тергеудің астына алған. Сөйтіп, ол бұрын сотты болған еркектен тағы бір қылмыстың басын ашады. Анықтауынша, 2017 жылдың ақпан айында күдікті шағын автобустың ішінде қала тұрғынының қалтасынан «Samsung Galaxy S6 Edge» ұялы телефонын үптеп кеткен. Сөйтіп, құныққан қалта қаққыш Семейдегі сауда дүкендерінің біріндегі ломбардқа олжасын 35 мың теңгеге өткізеді.

Мәселенің мәнісін түйсінген тәртіп сақшысына бұл іс көп шаруаны қажет етпейтіндей көрінді. Алайда ешкім арыз жазбаған соң, жәбірленушіні анықтау қиынға соқты. Ұялы телефонын жоғалтқан адамды сабылып іздеуді қиынсынған полицей оны «ойдан» құрастырмақшы болады.

Жалғандық жалтартпады

Кеудесін кежірлік кернеген құқық қорғаушы бөлімшенің екінші қабатындағы әріптесіне бас сұғады. Бөлме ішінде басқа қылмыстық іс бойынша келген екі жігітті байқаған Нұрбек олардың бірін бөлек алып шығып, бұйымтайын айтады. Полиция қызметкерінің «Ұялы телефонымды жоғалтып алдым деп арыз жазып берсең» деген өтінішін естіген ер адам бірден келіспей, бойын ала қашады. Бұған мұқалмаған Нұрбек Кішкенбаев екінші біреуді де сыртқа шақырып, өтінішін айтқан. Тәртіп сақшысының заңсыз ұсынысына ол да қарсы болады. Сол кезде қылмыстық әрекетін ары қарай жалғастырған полиция қызметкері жалған арызға қол қоюға келіспеген екінші азаматтың аты-жөнін жәбірленуші ретінде жазып, бөлімше басшысының рұқсатынсыз өзінің электрондық қолтаңбасы арқылы істі сотқа дейінгі тергеудің біріңғай реестріне тіркеуге алған. Тиісті қағаздарды шығарып, әріптесінің бөлмесінде отырған ер адамның алдына әкелген ол «Бұл өз ісіңіз бойынша қол қоюды қажет ететін құжаттар» деп бояма сөздерді айтады. Ойына ешқандай секем алмаған қала тұрғыны қаламды алып қолын шимайлай салған. Осылайша, мақсатына жеткен Нұрбек айыбын мойындап отырған жігітке қайта ойысады.

– Полицей ұрлық істеген адамға «Ұялы телефонның иесін таптым» деп жалған айтқан, – делінген Семей қалалық №2 сотының үкімінде. – Оны да бірқатар қағазға қол қойғызған соң, басшылыққа «қылмыстық істі аштым» деп есеп береді. Аға лейтенант өз есебінде «екі жақ татуласып, бір мәмілеге келді» деп көрсеткен. Содан барып, сауда дүкеніндегі ломбардқа табан тіреген құқық қорғаушы ұрланған «Samsung Galaxy S6 Edge» телефонына қол жеткізеді де, оның шынайы иесін анықтау үшін қылмыстық істі тергеу бөлімінде істейтін танысына тапсырады. Арада біраз уақыт өткенде ұялы телефон өз иесіне жеткен.

Бұл тапқырлығына айызы қанған полиция қызметкері ауыр қылмыс ашқандай-ақ көңілі тоқмейілсиді. Алайда, көп ұзамай полицейдің бұл арамза әрекеті әшкереленіп, ісі сотқа тартылды.

Семей қалалық №2 сотындағы сот отырысында айыпталушы өз кінәсін толықтай мойындаған. Сот шешімімен Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 416-бабы, 4-бөлігімен кінәлі деп танылған Нұрбек Кішкенбаев аға лейтенант шенінен айырылып, 1 134 500 теңге айыппұл төлеуге міндеттелді. Сонымен қатар, сотталушыға 2 жыл құқық қорғау органдарында қызмет істеуге тыйым салынды.

Талғатжан МҰХАМАДИЕВ