Семей қаласының перинаталдық орталығында 0-ден 3 жасқа дейінгі сәбилерді бақылау бөлімі өз жұмысын бастады, деп хабарлайды ШҚО ӘМСҚ баспасөз қызметі.
Мұнда жылына 600-ге жуық бала жоғары білікті медициналық көмек алатын болады. Стационар 50 орынға арналған.
«Бұл бөлімде салмағы 2000 граммға дейін, бронх – өкпе дисплазиясы бар, операциядан өткен, босанған кездегі асфиксия кесірінен туған балалар оңалтудан өте алады. Бөлімше дәрігерлері шала туған балаларға көмектесіп қана қоймай, ата — аналарды өз балаларына одан әрі көмек көрсету үшін күтуге үйретеді», – деп бөлісті перинаталдық орталықтың неонаталдық және педиатриялық қызметінің басшысы Гүлжазира Дюскенова.
Оның пікірінше, ауруханадан шыққаннан кейін сәбилердің бұл санаты жалпы практика дәрігерлерінің бақылауында қадағаланатын болады.
«Бұл бөлімде аналар қосымша қолдау тауып, оңалтудан өтеді. Перинаталдық орталық ішіндегі бөлімше баланың денсаулық жағдайын бақылауда ұстап, мүгедектікті төмендетуге ықпал етеді», – деп атап өтті Гүлжазира Дюскенова.
Статистикалық мәліметтер бойынша, тек 2021 жылдың өзінде Семейде 604 шала туған бала дүниеге келген.
«Біз бұған дейін Семей қаласында екі орталықты іске қосу жоспарланып отырғанын хабарлағанбыз. Бұл жобалар Семей қаласының перинаталдық орталығында жұмысын бастады. Бұл орталықтарда барлық қажетті оңалту көмегін тегін медициналық кепілдік берілген көлемі шеңберінде алатын болады», – деп толықтырды ШҚО ӘМСҚ директоры Ғалымжан Әбілов.