Семей қаласының №2 сотында полиция қызметкері заң алдында жауап берді. Жол ережесін бұзған бұрынғы танысынан ақша алып қалуды ойлаған тәртіп сақшысы жиырма мың теңге үшін қызметімен қош айтысты.
Семей қаласының №2 сотының баспасөз қызметінің ақпаратына сай, оқиға өткен жылдың желтоқсан айында тіркелген. Айыппұл алудан сақтанған танысына полиция қызметкері «Не айыппұл арқалайсың немесе жиырма мың теңге берсең, бәрін ұмытамыз» деп шарт қойған көрінеді. Танысы келіскендей болғанымен, тәртіп сақшысының өзін тәртіпке салуды ойласа керек – ойланбастан ұлттық қауіпсіздік органына арыз түсіреді.
Ұлттық қауіпсіздік органының қызметкерлеріне ұсталғаннан кейін бұлтартпас дәлелдер жемқорлыққа жол берген экс-полицейді тырп еткізген жоқ. Сотта өзіне тағылған айыпты бірден мойындаған ол істеген ісіне өкініш білдіргенімен, жазасыз кетпеді. Сот үкімімен экс-полицей үш жылға бас бостандығынан айырылғанымен, рақымшылық заңына орай жазасы бас бостандығын шектеуге ауыстырылды. Айыбы үшін ол өмір бойы мемлекеттік қызметте еңбек атқару құқығынан айырылып, процессуалдық шығынды өтеп беруге міндеттелді.
Мейрамбек ҚОСАЖАН