Семейде тәртіп сақшылары мал ұрлағандарды құрықтады
Шығыс Қазақстан облысының аумағында «Мал ұрлығы» жедел-алдын алу іс-шарасы өтті. Бұндағы мақсат — мал ұрлығына қатысы бар тұлғаларды ұстау және қылмыстық жауапкершілікке тарту, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі.
Үш күн бойы өткізілген рейдтік шараларда полицейлер көліктерді тексеріп, тасымалданатын мал мен ет өнімдерінің арнайы құжаттары бар-жоғын анықтау жұмыстарымен айналысқан.
Семей қаласы Полиция учаскесінің қызметкерлері құныққан ұрылардың үш ай бойы бір ғана шаруа қожалығының малын жымқырғанын анықтады.
Тексеріс нәтижесінде шаруа қожалығы иелерінің салғырттығын пайдаланған бір топ әккі еркектер бірнеше рет ұрлыққа барған. Кәнігі ұрылар 70 бас ірі қара малын айдап әкетіп, шаруа қожалық иелеріне 1 млн. 180 мың теңге шығын келтірген.
Қазіргі күнде полиция қызметкерлері ҚР Қылмыстық Кодексінің 188-бабы 2-бөліміне сәйкес мал ұрлаушыларға қылмыстық із қозғады.
Алдағы уақытта мал ұрлығы фактілерін анықтау бойынша жедел-алдын алу шараларынан тыс осыған ұқсас іс-шаралар тұрақты негізде жүргізілмек.
Облыстың тәртіп сақшылары ұрлықтың алдын алу үшін малдарды бейсауат жібермей қамау керектігін ескертеді.
Ұрлық оқиғасы орын алғанда тез арада полицияға хабарласуларыңыз керек.