Семейде туған інісін пышақтап тастаған ер адам сотталды

567
көрілім

Семей қаласының тұрғыны үйге бауыры қонаққа келгенде шын қуанды. Әңгімені қыздыру үшін дастарқанға ащы суды да қойып қойған. Алайда біраз уақыт өткен соң ішімдікке масайған інісі ағасымен сөзге келмей қалып, боғауыз сөздерді бұрқырата жөнеледі. Осы кезде ашуға булыққан еркек қолына пышақ алып, оған сұғып жіберген, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі.

Руслан Касембаев (аты-жөндері толықтай өзгертілген) сағат 14.00-дер шамасында Тұрғанбаев көшесінде тұратын ағасы Ерсұлтанның үйіне қонаққа келген. Ағайындылар амандық-саулық сұрасқаннан кейін дастарқан басына жайғасады. Кешкі сағат 20.00-ден асқанда тентек судан ұрттап алған екеуінің арасында түсініспеушілік туындаған. Бауыры үлкенді сыйлап, кішіпейілділік танытқанның орнына ағасына әкіреңдеп, былапыт сөздерді желдей естіреді. Сол кезде 37 жастағы еркек қорғасындай қадалған ауыр сөздерді көтере алмай, үстел үстінде жатқан ас үй пышағын шап берген. Інісіне атыла жөнеліп, пышақты іш тұсына сұғып жібереді. Осының салдарынан жәбірленушіге ауыр дәрежедегі дене жарақаты келтірілген.

Семей қалалық №2 сотында Ерсұлтан Касембаев өз кінәсін толықтай мойындап, істеген ісіне қатты өкінетіндігін жеткізді.

– Аузына ақ ит кіріп, көк ит шыққан Руслан менің «қой» деген сөзімді тыңдамады. Сол кезде сабыр суымның сарқылғаны сонша, қалай қолыма пышақ алғанымды білмей де қалдым. Қанды көргенде пышақты жерге тастай салып, киінбестен сыртқа шығып кеттім, – деп жауап берді ол сот отырысында.

Руслан Касембаев болса, ағасын кешіретіндігін айтып, бас бостандығынан айырмауды сұрады. Сот үкімімен айыпталушы Қазақстан Республикасы Қылмыстық Кодексінің 106-бабы, 1-бөлігімен кінәлі деп танылып, 1 жыл 6 ай мерзімге шартты түрде бас бостандығынан айырылды. Сонымен қатар сотталушы 50 мың теңге мөлшерінде айыппұл төлеуге міндеттелді. Үкім толықтай заңды күшіне енген.

Асқар ТҰМАРБЕК