Семейде «Водоканалдың» кінәсінен көз жұмған дәнекерлеушінің жанұясы кәсіпорынмен соттасуда

982
көрілім

Семейлік Ғабдуллиндер отбасы үшін 2015 жылдың күзі орны толмас қайғымен есте қалды. Қалалық «Водоканалда» дәнекерлеуші болып жұмыс істеген отағасы отқа оранған құдық ішінде жантүршігерлік жағдайда қаза болды. Дәнекерлеуші түскен құдық үш метр тереңдікте орналасқан екен. Оның өліміне кінәлілер анықталып сотталғанымен, амнистияның көмегімен жазаларын алған жоқ. Ал марқұмның жанұясы кәсіпорынның кінәлі екендігін дәлелдеп, өтемақы алу үшін «Водоканалмен» ұзақ уақыт бойы соттасуға мәжбүр болды, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі.

Костюм болғанда…

2015 жылдың 12 қазанында Семейдегі Щорса көшесінде орналасқан жергілікті «Водоканал» қолданыстағы желіге жаңа су ұңғымасын жалғау жұмыстарын қолға алған болатын. Берілген тапсырма бойынша үш метр тереңдіктегі құдыққа түсу керек-ті. Осы жұмысты орындау үшін 51 жастағы дәнекерлеуші Әсет Ғабдуллин құдыққа түседі. Жұмысшының үстінде қауіпсіздікті қамтамасыз ететін дәнекерлеу дулығасы, арнайы қолғап пен аяқ киім болған. Тек төтенше жағдайлар кезінде оның өміріне араша түсіп, денесін күюден сақтап қалатын брезент костюм ғана жетпеген. Еңбек инспекторы жүргізген тексеру барысында кәсіпорын жұмысшыларының арнайы киімін уақытында жаңартпағаны белгілі болды. Дәнекерлеу жұмыстары барысында аяқасты өрт шыққан.

Кәсіпорында орын алған қайғылы жағдайдың нақты себебі әлі күнге дейін анықталмады, – дейді сотта Ғабдуллиндер жанұясының мүддесін қорғаған адвокат Айжан Дәрібаева. – Алайда, біз өрт құдықтағы газдардың тұтануынан пайда болды деп болжап отырмыз.

Үш метр тереңдікке бойлаған азамат сыртқа шығуға еш мүмкіндігі болмай, дәрменсіз күйде қалған. Әсет төменге түсерде пайдаланған басқышты жұмысқа кедергі келтірмес үшін орнынан алып тастаған көрінеді. Ал арнайы қауіпсіздік арқанына тартылған белдік жұмыс көлігінде қалған екен.

Қайғылы жағдай орын алғаннан кейінгі құдықтың кескінін көруге бардым, – дейді Әсет Ғабдуллиннің апайы Назым Құмарова. – Ағамның бар күшімен сыртқа шығуға талпынғаны көрініп тұр, себебі құдық қабырғасында өртенген киімнің қалдықтары жабысып қалған.

Аяқасты болған апаттың жай-жапсарын кейінірек марқұмның әріптесі баяндап берді. Құдықтың ішінен шығып жатқан түтін мен жалынды көрген ол дереу «Водоканалдың» көлігіне қарай жүгірген екен. Енді ғана тұтанған жалынды өшіруге әрекеттенген әріптесі дәнекерлеуші генераторды өшіріп, өрт сөндіргіш құралды құдыққа қарай бағыттайды. Өкінішке орай, марқұмның әріптесі көмек қолын созып үлгергенше Әсеттің үстіндегі киім толықтай жанып кеткен көрінеді.

Ал марқұмның артында қалған жанұясы отағасына ешқандай көмек көрсетілмеген деп болжауда.

Істі тергеу барысында «Водоканал» қызметкерлері бір-бірлеріне кереғар пікірлер берген, – дейді Назым Құмарова. – Дәнекерлеу жұмыстары айтарлықтай өрт қаупін тудыратыны анық қой. Өрттің шығуы әбден мүмкін болғандықтан, барлық қауіпсіздік шараларын алдын ала дайындап қою керек болатын. Ал өрт шыққанда ағама дер кезінде көмек көрсетті дегенге мүлдем сене алмаймын. Қайғылы жағдай орын алып болған соң ғана «Жедел жәрдем» шақырылыпты. Оқиғаның нақты қалай орын алғанын анықтау мақсатында құрылған комиссия өрттің шығу уақытын – 10.45 деп көрсеткен. Ал «Жедел жәрдемнің» қызметтік парағында көмекке 11.20-да келгендері жазылған. Тіпті «Жедел жәрдемді» кәсіпорынның ж9мысшылары емес, өтіп бара жатқан кездейсоқ адам шақырыпты. Бұл да «Жедел жәрдем» парағында жазылып тұр. Ал кәсіпорын қызметкерлері «хабарласа алмай қалдық» дегенді алға тартады. Сонда ағам 35 минут бойы жанып жатқан құдық ішінде ажалмен арпалысты. Ыстық жалыннан құтылып шығуға бірде бір мүмкіндігі болмай, дәрменсіз күйде қалған.

Марқұмның денесінің сау жері қалмай, 80%-ы жанып кеткен екен.

Ағамды жалындаған оттың ортасында түгелдей жанып кетті деуге болады. Дәрігерлер бізге оның тек ғажайып жағдайда ғана тірі қалуы мүмкін екендігін айтты, – деді көз жасына ерік берген Әсеттің апайы.

Өкінішке орай, төрт күннен кейін дәнекерлеуші алған ауыр жарақатының салдарынан көз жұмды. Әсеттің артында қалған жанұясы үшін асқар таудай әкенің орны ойсырап қала берді…

Кім кінәлі?

Арты қазаға ұласқан қайғылы жағдайдың нақты себебін анықтау үшін 2015 жылдың 14 қазанында арнайы комиссия құрылған болатын, – дейді Ғабдуллиндер жанұясының адвокаты. Ол комиссия болған оқиғаны зерттеп бастағанша марқұмның апайы Назым Құмарова қайғылы жағдай орын алған жерде болып қайтқан. Өртеніп кеткен құдыққа түскен ол оның ішін өз көзімен көрген. Апайының айтуынша, арнайы комиссия мүшелері өз жұмысын бастағанға дейін құдықтың іші күйіктен тазартылып қойылған көрінеді. Алайда мұны ресми түрде дәлелдеу оңай емес екендігі анық.

Аталмыш комиссияға «Водоканал» кәсіподақ комитетінің төрағасы мен кәсіпорын директоры мүше болып, облыстық Еңбек инспекциясының инспекторы төрағалық етті.

Зерттеулер нәтижесі екі жақтан да кінә кеткендігін анықтап отыр: жұмыс берушінің кінәсі – 59%, жұмысшының кінәсі – 41%. Комиссия мүшелері зардап шегушінің тарапынан дәнекерлеу барысында өте өрескел қате кеткен деген шешім шығарды, – дейді Айжан Дәрібаева.

Марқұмның туыстары бұл шешіммен келіспей, ШҚО Мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасына шағым түсіреді. Барлық мән-жайды егжей-тегжейлі қараған облыстық Еңбек инпекциясының инспекторы жасалған қорытындыға өзгертулер енгізді. Жүргізілген жаңа зерттеулерге сәйкес жұмыс берушілердің кінәсі 100%-ды құрады. Оқиғадағы ең негізгі себеп – жұмыстың дұрыс ұйымдастырылмауы, отпен байланысты жұмыстар кезінде қауіпсіздік ережелерінің сақталмауы болып отыр.

Ескі әдіске салып…

«Водоканал» кәсіпорнының өкілдері Еңбек инспекциясының жасаған қорытындысымен келіспей, олардың үстінен қайта шағым түсіреді. Олар «Тәжірибесі мол жұмысшы қорғаныш киімінсіз қауіпті жұмысты бастап, өте өрескел қате жіберді» дегенді алға тартты. Яғни, олар түсірген шағымда келеңсіз жағдайға зардап шегушінің өзі кінәлі екендігі айтылған. Сот барысында коммуналдық мекеме өкілдері зардап шегушіге бірнеше рет қауіпсіздік техникаларының нұсқаулығы берілгендігін мәлімдеді. Ал Еңбек инспекциясы керісінше, отпен байланысты жұмыста жұмысшының қауіпсіздік шараларын сақтамағанына ешкім мән бермеген деген қорытынды жасаған.

ШҚО Мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасының жасаған сараптама нәтижесіне сүйене отырып, сот Әсет Ғабдуллинге қорғаныш костюмі 2014 жылдың маусымында берілгендігін нақтылады. Айта кету керек, ҚР белгіленген заңына сәйкес, брезент костюм ТҮКШ қызметкерлеріне бір жылға беріліп, мерзімі өткеннен кейін міндетті түрде ауыстырылуы керек болатын. Ал зардап шегушіге берілген брезент костюм қайғылы жағдайдан төрт ай бұрын ауыстырылуы керек еді. Әсет дәнекерлеу жұмысына кірісер кезде оның үстінде тез жанатын мақта мен синтетикадан жасалған киімдер болған. Комиссия мүшелері қызметкерлер не себепті уақытында арнайы киіммен жабдықталмағанын сұрағанда, «Водоканалдың» бас инженері күрделі қаржылық жағдай түрткі болғанын алға тартты.

Алайда, кәсіптік қауіп тудыратын жәйт тек бұл ғана емес болып шықты. Мәселен, бөлімше басшысы құдық түбіндегі газды бақылау үшін қызметкерлерге ескірген әдісті пайдалануға нұсқау берген көрінеді. Олар жұмыс бастамас бұрын қағазды тамызып, төменге лақтыру арқылы газдың бар-жоғын тексерген екен. Өрт қауіпсіздігін сақтамаған бұл әрекеттер сотта өз дәлелдерін тапқан.

Құдықты газдан тексеру үшін арнайы газанализатор қолдану керек еді, алайда кәсіпорында ол да жоқ, – дейді адвокат Айжан Дәрібаева. Осы күнге дейін Әсеттің әріптестері де кәсіптік қауіпсіздік сақталмаған күйде өлімге бас тігіп жұмыс істеуге мәжбүр болған екен. Семей қалалық соты «Водоканал» өкілдерінің берген жауабын теріске шығарып, Еңбек инспекциясының жасаған зерттеулер нәтижесі дұрыс деген шешімге келді.

Кінәлі болса да жазаланбаған

Дәл осы уақытта азаматтық іс бойынша жүргізілген іспен қатар, қылмыстық тергеу амалдары да қатар жүріп жатты. Қайғылы жағдайға күдікті ретінде екі адам анықталған еді. Бірі – ауыл желілерінің бастығы болса, екіншісі – жұмысшыларды жұмысқа жіберерде қауіпсіздік шараларының сақталуына жауапты мастер. Осы істі жүргізген тергеуші бұл екі азаматтың қылмысқа қатысы жоқ деген ұйғарымға келген болатын. Осыған байланысты Айжан Дәрібаева ҚР Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымовтың блогына ашық хат жолдаған еді. Министрлік Семей пракуратурасымен байланысқан соң, тоқтап қалған қылмыстық іс төрт күннен кейін өз жалғасын тапты. Яғни, тергеу амалдары 11 айдан кейін қайта жанданды.

Тергеу амалдарының не себепті сағызша созылғанын әлі күнге дейін түсіне алар емеспін, — дейді адвокат.

Бір отбасыны асыраушысыз қалдырған оқиғаға кінәлілер анықталғанымен, амнистия арқылы жазаларын алған жоқ. Семей қалалық сотының материалдарында, «Водоканал» кәсіпорнының екі қызметкері де кінәларын мойындап, өкінетіндерін айтқандары жазылған.

Кешіргеннен не пайда?

Марқұмның 18 жастағы ұлы Темірлан Қуатқали «Водоканалдан» моральдық шығын өндіру мақсатында сотқа шағым түсірген. Ол коммуналдық кәсіпорыннан 8 млн. тенге өтемақы төлеуді талап етті. Процеске алғашында Әсет Габдуллиннің қызы да қатысқан еді, алайда ол жүктілігіне байланысты өзінің денсаулығын сақтап, жүйкесіне салмақ түсірмес үшін бұл істен бас тартты. Марқұм заңды түрде ажырасқан адам болғанымен, әйелімен бірге тұрып, бүкіл отбасын асырап отырған.

«Водоканал» кәсіпорнының өкілдері қайғымызға ортақтасып, болған оқиғаға өкініш білдіріп бізден кешірім де сұраған жоқ, – дейді Темірлан. – Әкемнің қайғылы жағдайға душар болуына кінәлі кәсіпорын басшылары екендігі анықталса да, олар бар кінәні әкемнің мойнына арта салмақ болды. Мұнымен қоса, енді олар бізге «кәсіпорыннан ақша алып баюды көздеп отыр» деп қаралауда. Ал, біздің түпкі мақсатымыз бұл емес. Керісінше, олар біздің басымызға түскен жағдайдан сабақ алсын дейміз. Әрбір жұмысшының өміріне немқұрайлы қарамай, барлық нормативтік нормаларды сақтауды үйренгенін қалаймыз. Енді кәсіпорын басшылары қолдарымен істегенін мойындарымен көтеріп, жұмыстағы салғырттықтары үшін заң алдында жауап берсін.

Сот барысында адвокат Айжан Дәрібаева «Водоканал» басшылығының марқұмның жанұясына барып, көңіл білдірмегендігін айтты.

Олар «Әсет Ғабдуллиннің отбасына материалдық көмек көрсеттік» дегенді айтуда, – дейді адвокат. – Алайда, берілген 100 мың теңгені кәсіподақ комитеті бөлсе, жерлеуге кеткен 103 мың теңгені Әсеттің әріптестері жинастырып берген. Бұл жерде «Водоканал» басшылығының ешқандай қатысы жоқ.

Сот шешімі бойынша, «Водоканал» 2 млн. теңге өндіріп беруге міндеттелді, алайда бұл шешіммен келіспеген «Водоканал» да, Темірлан да апелляциялық сотқа жүгінген: кәсіпорын бұл шешімнің күшін жоюды талап етсе, марқұмның ұлы 8 млн. теңге өндіруді сұрады. Мән-жайды саралай келе апелляциялық сот бұл шешімді өзгеріссіз қалдырған жөн деген үкімге келді.

Десе де, Әсет Ғабдуллиннің отбасы мүшелері күресті ары қарай да жалғастырмақ ниеттен тайған жоқ. Олардың көздегендері – коммуналдық мекеменің тиісті жазаларын алуы.

Бізде әлі кассациялық тәртіппен шағымдану мүмкіндігі бар. Бұл мүмкіндікті міндетті түрде пайдаланамыз, – дейді Назым Құмарова. – Егер «Водоканалда» барлық қауіпсіздік шаралары талапқа сай жүргізілсе, Әсет арамызда болар еді. Оны тиісті қорғаныш жабдықтарынсыз жұмыс істеуге мәжбүрледі. Адамдар осындай жағдайда қалайша еңбек етеді?! Менің ағам тап болған қайғылы жағдайды ешкімнің басына бермесін дейік…