Семейде Жақсылық Үшкемпіровтің жүлдесі үшін республикалық турнир өтті

441
көрілім

Семейде Олимпиада және Әлем чемпионы, ҚР Еңбек Ері Жақсылық Үшкемпіровтің жүлдесіне грек-рим күресінен жастар арасында республикалық турнир өтті. Екі күнге жалғасқан сайыста бозкілем қожайындары екі жүлдеге иелік етті, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Бастапқыда бірнеше мемлекеттен палуандар келеді деп күтілгенімен кейін сайыс тек ел көлеміндегі кіл мықтыларды қамтыды. Кіл мықты дегенде, турнирге келген палуандардың басым көбі осыған дейін ел құрамасына іліккен спортшылар.

Жерлестеріміз жүлдені молынан иеленбесе де, бір салмақта топ жарудың сәті түсті. 60 келіде бозкілемге беттеген Еркебұлан Ардақов жолындағы қарсыластарын қоғадай жапырып, көптен бері қолы жетпей жүрген алтын медальға ие болды. Айтуынша, шешуші сын біршама қиынға түскен.

– Жыл көлемінде жаттығуларды үзбей, жиі жіберетін олқылықтарға жол бермеуге тырыстым. Финалдағы қарсыласыма осының алдында есе жібергенім бар еді, бұл жолы сәтін салып жеңіске жеттім, – дейді ол.

Еркебұлан алтын медаль үшін болған белдесуде республикалық спорт колледжінің атынан сынға түскен Абай Оразалының осал тұсын тапты. Ал 55 келіде аймақ намысын қорғаған Айбек Сабырбеков керісінше, аталмыш спорт колледжінің тағы бір тәрбиеленушісі Дәулет Әшірхановтан айласын асыра алмай, күміс жүлде еншіледі. Айта кетейік, Айбек қазір Өскемендегі С.Аманжолов атындағы ШҚМУ-да дене шынықтыру мамандығы бойынша білім алуда. Бұл ретте оқу мен жаттығуларын қатар алып жүрулеріне қолдауларын аямаған ШҚМУ ректоры Мұхтар Төлеген мен Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы күрес түрлерінен балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің директоры Жандос Сайхановты айта кеткен орынды.

Жеңімпаз Айбек Сабырбеков

Сөйтіп жерлестеріміз ауқымды турнирді бір алтын, бір күміс медальмен аяқтады. Десе де, Семей өңірінің тумасы Асаухат Мұхамадиевтің (63 келі) Нұр-Сұлтан қаласының намысын қорғап, топ жарғаны қуантып қана қоймай, көңілге кірбің салғаны да бар. Осыған дейін жастар арасында «Жылдың үздік палуаны» деген аталымға лайық шыққан спортшы бұл жолы елорда атынан өнер көрсетті. Жалпы, өзге өңірлерден Қостанай, Нұр-Сұлтан қалалары және республикалық спорт колледжінің спортшылары сапалы белдесулер көрсетіп, командалық есепте алдыңғы орындардан көрінді. Енді топ жарып, бапкерлер назарына іліккен «классиктер» еліміздің жастар құрамасына алынады.

Әділхан ЕСІМХАНОВ