Облыс әкімі әкімі Даниал Ахметов Семей қаласындағы аяқ киім фабрикасының жұмысымен танысты, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Бұл жайлы аймақ басшысы өзінің Facebook парақшасында жазған.
- Жаңа оқу жылынан бастап аз қамтылған және көпбалалы отбасыдан шыққан оқушыларды мектеп формасымен қатар аяқ киіммен де қамтамасыз етеміз. Осы мақсатта бюджеттен 440 миллион теңге қарастырылған. Оларды Семейдегі фабрикада, отандық өндірушіден алғымыз келген еді. Алайда, өкінішке қарай, өнім сапасы көңілден шықпады. Сондықтан, сапалы әрі заманауи аяқ киім үлгісін жасауға бір ай уақыт бердім, - дейді Даниал Кенжетайұлы.
Сонымен қатар әкім Қарағайлы шағын ауданындағы құрылыс жұмыстарын тексерді. Мұнда биыл 25 көпқабатты тұрғын үй бой көтермек. Бұдан бөлек, тағы да 92 үйдің құрылысына арналған жобалық-сметалық құжаттама жасалуда. Осылайша алдағы уақытта бұл ауданда 60 000 адам қоныс тойын тойлайтын болады.