Семей қаласында қалалық Білім бөлімінің және №3 мектеп кешенінің ұйымдастыруымен «жасыл» технология аталатын инновациялық конкурс ұйымдастырылды, деп хабарлайды Buqara.kz тілшісі.
Конкурсқа барлығы 17 команда қатысып, стартап идеяларымен бөлісті. Ұсынылған жобаларда маңызды экологиялық мәселелерді шешудің жолдары қарастырылған. Атап айтқанда, жекеменшік үйлерді жылыту, тұрмыстық қатты қалдықтарды өңдеу, кәріз суларын тазалау және қайтара пайдалану, өндірістік және тұрмыстық үйлердегі энергия көздерінің баламасын табу, көшелерді жарықтандыру, көліктерден шығатын гтүтінді газды азайту тәрізді мәселелері талқыланды.
- Конкурсқа қатысушылар жоғары дайындықпен келгендерін байқатты. Орындалған жұмыстардың сапасына көз қуантарлық. Осындай дарынды жастар ізімізді басып келе жатқанын көріп қуанып отырмын. Осындай байқаулар болашақ мамандар үшін өте пайдалы болмақ,- дейді Шәкәрім университетінің Франшиза және технология орталығының жетекшісі.
Конкурс қорытындысы бойынша Назарбаев Зияткерлік мектебінің командасы «Биогаздық қондырғы» жобасымен гран-при жүлдесін жеңіп алса, бірінші орынға № 3 жалпыбілім беретін орта мектептің «Экоүй», Назарбаев Зияткерлік мектебінің «Экомектеп», «Экоқала»» секциялары II және III орындарға № 22 және № 32 жалпыбілім беретін орта мектептер, сондай-ақ № 37 гимназия мен Шәкәрім университетінің студенттері ие болды.
-Конкурс талқылауына көптеген қызықты жобалар ұсынылды. Жеңіске заманауи, «жасыл» технология бойынша ілгерілеушілік пен маңызды, болашағы бар жобалар жеңіске жетті. Осы жобалардың біреуі іске асатын болса, бұл алға қарай ілгерілеудің бастамасы болмақ, - дейді Семей қаласындағы электротехникалық колледждің бөлім меңгерушісі Айгерім Саниязова.