Семейде жәрдемақы «рәсімдеген» алаяқ тұрғындарға 2 млн теңге шығын келтірген

527
көрілім

Семей қаласының тұрғындарына бала күтіміне байланысты берілетін жәрдемақы алуға, мүгедектікті белгілеуге және зейнетақы құжаттарын жинауға көмектесетіндігін айтып алдаған алаяқ ұсталды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

ШҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, құжатын ала алмай, ақшаcынан айырылған жәбірленушілер полицияға хабарласқан. Тәртіп сақшылары көп ұзамай күдіктіні қолға түсірді. Ол бұрын сотталмаған, тұрақты жұмыс орны жоқ 26 жастағы қала тұрғыны болып шықты.

«Аталған факті бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабы 1-бөлігімен сотқа дейінгі тергеу амалы жүргізіліп жатыр. Алаяқтық жолмен тапқан ақшаны қажетіне жұмсап үлгерген күдікті кінәсін мойындап отыр, - деді ШҚО ПД бастығы Сағат Мәдиев.

Полицейдің анықтауынша, алаяқтың арбауына 8 адам іліккен. Жәбірленушілерге 2 млн теңгеге жуық материалдық залал келтіріліпті.