Желтоқсан айының 13-і күні Семей қалалық полиция басқармасы Әуезов полиция бөлімінің «102» жедел арнасына 36 жастағы жергілікті тұрғын жүгініп, ақшасы ұрланғандығына шағымданған, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Белгілі болғандай, тұрғын қыркүйектің 18-і күні бейтаныс жігіт жиһаз жасап беремін деп алдап, оның 223 000 теңге көлеміндегі ақшасын иемденгенін айтқан.
- Жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу кезінде криминалдық полиция қызметкерлері 51 жастағы күдіктіні ұстады. Одан жауап алу барысында кінәсін мойындады. Қаскөй тегін хабарландыру сайттарының бірінде өзгелердің дайындалған жиһаз суреттерін өзінің жұмысы ретінде орналастырып, жиһазды нарықтағыдан әлдеқайда төмен бағамен дайындауды ұсынған. Тапсырыс берушілерден алдын ала төлем ала отырып, жалған шарт жасаған. Қазіргі уақытта полицейлер күдіктінің басқа қылмыстарға қатыстылығын тексеріп жатыр, - деді ШҚО ПД бастығы Сағат Мадиев.
Аталған факті бойынша ҚР ҚК - нің 190-бабы 1-бөлігіне (Алаяқтық) сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Күдікті кінәлі деп танылған жағдайда, оған екі жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы беріледі.