Қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысының міндеттерін уақытша атқарушы Нұрлан Серғазиновтың сөзінше, жергілікті маңыздағы жолдардың ағымды жөндеуіне 87,5 млн теңге, қала көшелеріне орташа жөндеу жүргізуге 1,2 млрд теңге бөлінген, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Осы уақытқа дейін қаланың 16 көшесіне орташа жөндеу жүргізіліпті. Ұлы Абайдың мерейтоойына әзірлік жүргізу барысында әуежай бағытындағы жолға, Семей-Қарауыл тасжолында, сонымен қатар әуежайға жанасатын жолдарда жұмыстар іске асырылған.
– Жол жөндеуге қалалық бюджеттен 13 млрд теңге бөлінді. Бозтаев, Глинки, Қаржаубайұлы, Селевин және тағы да басқа көшелерде орташа жөндеу жұмыстары жүзеге асырылып, көшелерді жарықтандыру жұмыстары, жекелей алғанда Селевин және Глинки көшелерінде жүргізілуде. Семей-Қарауыл тас жолында, сонымен қатар әуежайға баратын жолда жарық орнатылды. Қазіргі уақытта электр сымына қосу үшін тиісті жұмыстар қолға алынуда, – дейді Нұрлан Серғазинов.
Бұдан бөлек, «Жұмыспен қамтудың Жол картасы» бағдарламасы шеңберінде Би Боранбай, Құрылысшылар, Кәрменов, Глинки, Цементшілер, Рысқұлов, Тұқай, Абай, Дулатов және басқа да асфальт салынбаған көшелерге орташа жөндеу жұмысына республикалық бюджеттен 1,7 млрд теңге қаржы бөлініпті.