Өрт сөндірушілер келгенше жүк тиегіш көліктің жүргізушісі отқа оранған «ГАЗельді» үйден оңаша итеріп тастаған. Осы әрекеті арқылы қарапайым азамат бірнеше үйді тілсіз жаудың шарпуынан сақтап қалды. Өрт сөндірушілер сын сағатта азаматтық танытқан Орынбек Тұңғышбаевқа алғыс білдірді, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі.
ШҚО ТЖД баспасөз қызметінің ақпаратына сәйкес, 29 мамыр күні Юность көшесінде тұрғын үйге тым жақын қойылған «ГАЗел» көлігі отқа оранған. Өрт сөндірушілердің келуін күтпей оқиғаны көзі көргендердің бірі жедел қимылдап, оттың өзге пәтерлерді шарпуына жол бермеген.
– 52 жастағы жүк тиегіш көліктің машинисті Орынбек Тұңғышбаев ауысымда жүріп, көпқабатты үйге жақын өртеніп жатқан көлікті байқап қалған. Көп ойланбай аталған азамат жүк тиегіш көлігімен «ГАЗельді» итеріп тастады, – деп хабарлайды ШҚО ТЖД баспасөз қызметі.
Жедел әрекетке қарамастан өрт бәрібір тірінші қабаттағы үйді алып кеткен екен. Алайда Орынбек Тұңғышбаевтың арқасында өзге пәтерлер өрттен аман қалды.
– Орынбек Төкенұлы қалалық коммуналдық кәсіпорында жүк тиегіш көліктің машинисті болып қызмет атқарады. Жұмыста біліктілігі жоғары әрі адал қызметкер ретінде танылған. Төрт баланы асырап жатқан әке. Оның ісі расында мақтауға тұрарлық. Орынбек Тұңғышбаевтың арқасында өрт тез арада сөндірілді, – деп хабарлайды ШҚО ТЖД баспасөз қызметі.