Семей қаласында карантин кезінде алаяқтық фактілері жиілеп кетті, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Карантин уақытында дүйім жұрт қашықтан сауда жасауға көшкенде интернет-алаяқтардың саны күрт өскен. Жыл басынан бері Семейде осындай 115 алаяқтық фактісі тіркелді. Оның 78-і ашылса, 37-і бойынша әлі жедел-іздестіру шаралары жүргізілуде. Бұл жайлы қалалық Ақпарат орталығында өткен баспасөз брифингі барысында Семей қалалық полиция басқармасының криминалдық полиция бөлімінің бастығы Данияр Қазкеев мәлімдеді.
Көп жағдайда алаяқтар әртүрлі сайттарға жарнама орналастырып, интернет пайдаланушылардан алдын ала төлем жіберуді сұрайды. Олар еліміздің түкпір-түкпірінде ғана емес, басқа елдерде отырып-ақ «жұмыс істейді». Мәселен, 13 адамды Ресей Федерациясындағы интернет-алаяқтар тұзаққа түсірген.
– Алаяқтардың арбауына іліккендердің санын азайту үшін халық арасында түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Төтенше жағдай кезінде көпшіліктің үйде отырып онлайн қызметтерді пайдаланғаны белгілі. Ал алаяқтар болса әуелі танымал сайттар арқылы жылжымайтын мүлік немесе автокөлік сататындығын хабарлаған. Одан кейін қызығушылық танытқандарға басқа қалада екендігін айтып, алдын ала төлемді, жеке куәлікті немесе банк деректерін жіберуді сұраған. Осындай қылмыстарды ашу қиынға соғады, сондай-ақ келтірілген материалдық шығынның да қайтарылуы екіталай, - дейді Данияр Қазкеев.