Семейде жыл соңына дейін май зауыты іске қосылады

340
көрілім

ШҚО әкімі Даниал Ахметов Семей қаласына жұмыс сапарымен барып, майлы дақыл өңдейтін зауыттың құрылыс жұмыстарымен танысты, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Жаңа зауыт күн сайын 1000 тоннадан астам күнбағыс майын шығаратын болады. Зауыттың құрылысы осыдан жарты жыл бұрын басталған.

– Біздің кәсіпорын ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілер үшін мультипликативті экономикалық нәтиже береді. Зауыт облыс ішінде май өнімдерін сататын шаруалардың мәселесін толығымен шешпек. Бүгінде экстракция цехының металл құрылымдары аяқталды, олар Семей механикалық зауытында жасалған. Құрылыстың негізгі жұмыстары мәресіне жеткен. Қазір құрылымдар мен жабдықтарды монтаждау жұмыстары жүріп жатыр, - деді «QAZAQ-ASTYQ GROUP» ЖШС директоры Еркінбек Досқожанов.

Даниал Ахметов өңдеу өнеркәсібі кәсіпорындарын ашу мемлекетіміздің дамуына ықпал ететінін атап өтті.

– Осыдан жарты жыл бұрын бұл зауытқа келген кезде ештеңе болған жоқ еді. Десе де қысқа уақыт ішінде оңды өзгерістерді көріп отырмыз. Мұндай кәсіпорындар мемлекетіміздің дамуы үшін өте маңызды. Бұл жерде атқарылып жатқан жұмыстар Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасын жүзеге асыру мақсатында қолға алынған. Өндірілген өнім Қазақстан нарығында ғана емес, Қытай Халық Республикасы, Ресей Федерациясы елдерінде де сатылады. Сәйкесінше, зығыр, рапс және күнбағыс егіс алқабы кеңейтіледі, – деді ШҚО әкімі.

Зауыт осы жылдың желтоқсан айында пайдалануға берілмек. Жоспар бойынша мұнда 250 жаңа жұмыс орны ашылады.