Наурыз айының басында Семей қалалық полиция басқарамасы Есірткі қылмысына қарсы күрес бөлімінің қызметкерлері заңсыз есірткі айналымына қатысы бар деген тұрғынды құрықтады, деп хабаралайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Жедел-іздестіру шараларын жүргізу кезінде Семейдегі ағылшын тілі курсы кабинеттерінің бірінде 36 жастағы Алматы қаласының тұрғыны қолға түсті.
– Кабинетке тінту жүргізу барысында өсімдік тектес жасыл түсті заты бар полиэтиленді түйіншек орналасқан картон қорап табылды. Сараптама қорытындысынак сәйкес тәркіленген зат жалпы салмағы 11,5 келіден асатын кептірілген марихуана болып шықты, – делінген ШҚО ПД баспасөз қызметі ұсынған мәліметте.
Аталған факті бойынша ҚР ҚК-нің 297-бабы 3-бөлігіне (Есірткі, психотроптық заттарды заңсыз дайындау, қайта өңдеу, сатып алу, сақтау, тасымалдау, жөнелту немесе өткізу) сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Бұл баптың санциясы 10 жылдан 15 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын көздейді.