Семейдегі Мәңгілік ел көшесі ескі қала бейнесіне енбек

457
көрілім

Семей қаласындағы Мәңгілік ел көшесі өзгеріп, жаяу жүргіншілер аймағына айналады, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Бұл жайлы ШҚО әкімі Даниал Ахметов Facebook-тегі жеке парақшасында жазды.

– Семейде көпбалалы аналармен кездестім. Біз олардың басым бөлігіне өз жобаларын жүзеге асыруға, отбасылық бизнестерін дамытуға қолдау көрсеттік. Бүгінде көпбалалы отбасылар атаулы әлеуметтік көмек алады. Өңірімізде қабылданған әлеуметтік жобалар бойынша барлық міндеттемелерді орындаудамыз. Бұл маңызды мәселе үнемі менің жеке бақылауымда, - деді ол.

Сондай-ақ аймақ басшысы Абай музейінде дарынды жас мүсінші Нұрбол Қалимен кездесті. Ол ұлдарының ортасында бейнеленген Абай мүсінінің авторы.

– Ескерткіш фотосурет негізінде жасалған. Онда Абай ұлдарымен бірге бейнеленген. Мұнда ол ең алдымен, отбасын жақсы көретін әке. Ал оның ұлдарының бейнесінде – бүкіл қазақ халқы. Қазір мүсін музей аумағында орнатылған, жақын арада ашылу салтанаты өтеді, - деді Даниал Ахметов.

Оның айтуынша, Мәңгілік Ел көшесі алдағы уақытта көркейе түспек. Мұнда жаяу жүргіншілерге арналған аумақ болады. Қазір құрылыс жұмыстары қарқынды жүріп жатыр.

– Ескі қаланың бейнесін қайта жасауға тырысамыз. Көшедегі тарихи ғимараттар қалпына келтіріледі. Арнайы көне шамдар орнатылып, жарық жасалуда. Мәңгілік Ел көшесі Семей қаласының тұрғындары мен қонақтарының сүйікті орнына айналатынына сенімдімін, - деді әкім.