Семейдегі Оңалту орталығының құрылысы ойдағыдай жүргізілуде ме?

566
көрілім
Шартты фотосурет

Бастапқыда бекітіліп, тиісті жер телімі бөлінген соң семейліктердің басым көбі балаларға арналған медициналық Оңалту орталығының құрлысы қарқынмен іске асырылуда деп бек сеніммен жүрген. Айтуларынша, бұрын-соңды сол жерге атізін салмаған, тек бірнеше ай өткен соң мүмкіндігі шектеулі балалардың қоғамнан шет қалмай, тиісті мекемеден он екі мүшесі біршама оңалып шықсын деп тілеулестік танытқан тұрғындар сол орында ешқандай да құрылыс жұмысы жүргізілмей жатқандығын байқаған. Байқаған да сайт редакциясына хабарласты, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

«Оңалту орталығына ұқсамайды»

Медицина хақындағы мәселе ретінде ресми сұраухат облыстық Денсаулық сақтау басқармасына жіберілді. Әдеттегідей, жауап бір емес, үш апта өткенде зорға дегенде қолға тиді. Дей тұрғанмен бұл жолы оқырмандар асығыстыққа бой алдырған сыңайлы. Басқарма басшысының орынбасары Думан Берікұлының айтуынша, өңір көлемінде 5466 мүмкіндігі шектеулі бала бар. Бес жарым мыңға жуық мүгедек жан үшін бұл аз ба, көп пе екені белгісіз, қазіргі уақытта өңірде осындай үш медициналық оңалту орталығы бар екен. Бұйырса ендігісі төртінші болуы тиіс.

– Ұзынқұлақтан пәленбай орындық Оңалту орталығының құрылысы басталады дегенді естіп қуанып едік. Кейін көңілге күдік ұялай бастады. Кім білсін, қазір қай саланы алсаңыз да жемқорлықтың иісі мүңкіп тұр ғой. Бұл жерде де бір былық болар деген суық ой сап ете түсті. Себебі құрылыс қарқыны тым баяу әрі ешқандай да оңалту орталығына ұқсамайды, – деді Серік Жұмашев (аты-жөні өзгертілген).

Мәлім болғандай, Семей шаһарының әлеуметтік-экономикалық дамуының 2020-2025 жылдарға арналған Кешенді жоспарына сәйкес ШҚО Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бағынысына жататын Семейде 150 орындық оңалту орталығының құрылысы бойынша нақты жұмыстар жүргізілуде. Думан Берікұлы сөйлемнің дәл осы тұсын сеніммен мәлімдегенімен әрі қарай анық-қанығына бойлау үшін облыстық Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасына жүгінуімізге жөн сілтеді.

Жабдықтармен жарақтандырылды

Анығы сол, облыста барлығы төрт медициналық ұйым балаларға медициналық оңалту қызметтерін көрсетеді (амбулаториялық жағдайда – 3, амбулаториялық және стационарлық деңгейде - 1).

– Тұңғыш Президент қорының 2019-2020 жылдарға арналған «Қамқорлық» бастамасын іске асыру жөніндегі Жол картасын орындауда 2020 жылдың желтоқсанында Ана мен бала орталығының базасында «Қамқорлық» оңалту бөлімшесі ашылды. Ол бір емдеу курсы үшін 50 балаға есептелген (емдеу курсы 21 күнді құрайды). Осы жобаны іске асыру шеңберінде оңалту бөлімшесінің 29 маманы оқытылып, бөлімше қор қаражаты есебінен жабдықтармен жарақтандырылды. Елбасының «Қамқорлық» бастамасының екінші кезеңін іске асыру мақсатында 2021 жылы «Семей қаласының перинатальдік орталығы» ШЖҚ КМК базасында Балаларды оңалту және катамнез орталығын ашу жоспарланған, – деді басқарма басшысының орынбасары.

Оқырмандар аспанын күдікке толы бұлт торлаған соң мына бір дерек соны одан әрі ыдырата түскендей: «Ана мен бала орталығының қалпына келтіру емі және медициналық оңалту үшін балалар бөлімшесіне травматология және ортопедия, нейрохирургия, неврология бейіндері бойынша балаларға оңалту көмегі көрсетіледі». Кінәрат іздеудің еш жөні жоқ көрінді. Жоспарда тұрған жұмыстың жай-жапсары мен анық-қанығы осындай.

Мамандар қарастырған мүмкіндіктер

Демек облыс аумағында алдағы жылдары есігін айқара ашатын Оңалту орталығы әралуан заманауи жабдықтармен толықтырылады деуге сенім мол. Бастысы, бүлдіршіндер назардан тыс қалмасын. Ресми мәліметте балалар мен дәрігерлердің мультидисциплинарлық командасы жұмыс істейтіндігі жазылған. Нақты айтсақ, оның құрамында реабилитолог, невролог, психолог, травматолог-ортопед, тәрбиеші, нейрохирург, физиотерапевт, педиатр, ЕДШ нұсқаушысы, массажист мамандар жұмыс істемек.

– Оңалту және қалпына келтіру іс-шаралары оңалту іс-шараларының жеке жоспарына сәйкес іске асырылмақ. Келесі ем-дом түрлері жүргізіледі: эрготерапия, физиотерапия, массаж, физиотерапия жаттығулары, балалар шунгит және тұз бөлмелерінде емделеді. 2021 жылдың 1 тоқсанында 150 бала стационарлық оңалту емінен өтті, – деді Думан Берікұлы.

Тағы бір айта кетерлігі, 2020 жылы Семейде «Тоқтамыс» РДО ЖШС-да 153 бала оңалту көмегін алды, Семейдегі «ИнВитро+ «консультациялық – диагностикалық орталығы ЖШС-да - 301, Өскемендегі «ККЮ Халс» DEVAL оңалту орталығы» ЖШС-де - 151 бала, сондай-ақ облыс орталығындағы Ана мен бала орталығының балалар оңалту бөлімшесінде церебралды сал ауруы бар 182 бала оңалту көмегін алды.

Қосымша мәлімет ретінде ай сайын балалар республикалық оңалту орталықтарына (Нұр-Сұлтан қаласындағы балаларды оңалту ұлттық орталығы және Алматыдағы «Балбұлақ» балаларды оңалту орталығы) жіберіліп, 153 бала ем алғандығын айта кеткен орынды.

– 2020 жылы облыс бойынша барлығы 18 жасқа дейінгі 940 бала оңалтудан өтті. Осы жылы «Семей қаласының перинатальдік орталығы» ШЖҚ КМК базасында балаларды оңалту және катамнез орталығының ашылуы барлық мұқтаж балаларды медициналық оңалту қызметтерімен қамтуға мүмкіндік береді, – делінген мәліметте.

Басқарма басшылығындағылар құрылыс жұмысының қашан аяқталатыны жайлы мәлімет ұсынбады. Біз де болжаудан адамыз. Тек қолға алған істері жоспардан ауытқымай тәмамдалса құба-құп болар еді.