Семейдегі перзентханада заманауи жабдықтар қолданылмай бекер тұр

568
көрілім

Облыс әкімі Даниал Ахметов Семейге жасаған сапарында қалалық перинаталды орталықта жүргізіліп жатқан күрделі жөндеу барысымен танысты, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Жөндеу жұмыстарын 780 млн теңге тендерді жеңіп алған Көкшетау қаласының компаниясы қолға алған. Бірақ бүгінде сол соманың тек 32 млн теңгесі ғана игеріліпті. Ал жұмыс жоспары тек 25 пайызға аяқталған. Осыдан екі жыл бұрын мұнда жоғары технологиялық жабдықтар сатып алынған еді. Алайда олар қазір жауапсыз мердігерлердің кінәсінен қолданылмай бос тұр.
– Биыл заманауи жабдықтары бар перинаталды медициналық орталық жұмысын бастайды деп жоспарлағанбыз. Бірақ өкінішке қарай, мердігерлердің сылбыр жұмысының салдарынан бұл ойымыз іске аспай қалды. Енді бір ғана жол бар - келісімшартты сот арқылы бұзу. Жаңа жылға дейін мекемені пайдалануға бере алмайтынымыз анық, - деді Даниал Ахметов.


Бұдан бөлек, аймақ басшысы Абай атындағы театрда жүргізіліп жатқан жөндеу жұмыстарымен де танысты. Жаз бойы театр ғимаратының аумағы абаттандырылып, қасбеті жаңарып, мәдениет ошағының ішкі келбеті толығымен өзгерді. Фойе мен көрермен залы да жандана түсті. Карантин режимі аяқталғаннан кейін театр актерлері жаңартылған сахнаға шығады. Даниал Ахметов Абай музейіне де барып, ондағы реконструкциялау жұмыстарының жай-жапсарын сүзгіден өткізді. Мұнда тротуар плиталары ауыстырылып, көгалдар мен гүлзарлар жаңа кейіпке енді.